18 қазан «Рухани келісім» күніне орай, аудандық кітапханада дөңгелек үстел өтті. Аталмыш жиынға аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев, ішкі саясат бөлімінің бастығы Нұрдәулет Жамалбеков және аудандық ардагерлер алқасы, 54 этномәдени бірлестік өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев сөзінде: «Бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтардың бірі – дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтың, сабырлықтың, төзімділіктің барша жақсылық атаулының бастау жолы, – деп айтып өтті.
Қазіргі таңда елімізде 130 -дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауыз біршілігін күшейтіп отыр. Өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын ислам сынды дін жоқ. Құран мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мұның айқын дәлелі. Мәселен, Ұлы Алла Тағала Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ, өзара бөлінбеңдер» (Әли Ғимран сүресі, 103 — аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» – дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Нұрдәулет Жамалбеков сөз кезегінде: «1992 жылы қазан айында Алматы қаласында «Бүкіл әлемдік Рухани келісім конгресінің» 1-ші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ші жұлдызын рухани келісім күні қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. 1992 жылдан бастап, бұл күн Қазақстанда ұлттық мейрам ретінде атап өтілмек,» – деп жеткізді.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ, әскери зейнеткер