Алла Тағала нәсіп еткен екі ұлық мейрамның бірі Құрбан айт төрімізге енді. Әлемнің әр нүктесіндегі барша мұсылман жұрты күн нұр кірпігін қаққан сәттен мешіттерге жиналды. «Һибатулла Тарази» мешіті де жүздері қуанышқа толы жамағатпен толықты. Алақандай Тараз шаһарында қыбыңдаған шегіртке даусы естілер тыныштық уақытында бұқара кептелісте тұрып, қасиетті ордаға ағылып жатты. Тіпті сәске кезінде мешіттен алшақ көшелердің өзінде «Аллаһу әкбәр» деп жаңғырып жатты.
«Һибатулла Тарази» мешітінде ықыласпен бірлікке жиналған халыққа Құрбан шалудың маңыздылығы жайында уағыз-насихат айтылды. Әкімшілік делегациямен келген Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жұртшылықты «Құрбан айт» мерекесімен құттықтады. Таңғы сағат 7.30 да айт намазы оқылып, ел амандығын тілеген жұртшылық Аллаға мадақ айтып, дұға етті.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өсиетіне (сүннетке) сай ақ дастархан жайылып, айт намазынан соң жамағат дәм татқан-ды. Құрбан малдары шалынып, шариғат шарттарымен таратылды. Үш күнге ұласатын Құрбан айтта 3 күн бойы құрбан малдары шалынбақ.
Сондай-ақ, ерлер арасында спорттық ойындар (қол күрес, асық ату, гір тасын көтеру, ләңгі, арқан тартыс) сайысы жүргізілді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды. Тартысты өткен дүбірлі доданың қорытындысы төмендегідей:
Қол күрес
1-орын – Жумабаев Жасур
2-орын –Үстембек Алимухаммед
3-орын– Амирбек Қажымұқан
Гір тасы
1-орын –Бақытұлы Нұралы
2-орын –Үстембек Алимухаммед
3-орын– Амирбек Қажымұқан
Ләңгі ойыны
1-орын –Асхат
2-орын –Нұрлан
3-орын –Казарбек
Ал, әйелдер жамағаты киелі дастархандарын жайып, кейуана әжелеріміз ақ баталарын берді. Мешіт жанынан ашылған қыздар сауат ашу курсының ұстаздары мен шәкірттері бастаған бағдарлама да қойылды. Қасиетті Құранның теңдесіз аяттарымен басталған іс-шара ұстаздардың уағызымен, шәкірттердің Құрбан айт жайындағы хадистерімен, Аллаға мадақ әндерімен жалғасын тапты. Көкжиектен атқан күнмен күлімдеп мешітке жиналған нәзік жандылар аталмыш бағдарламадан алған әсерлерін жасырмай көздеріне жас алған-ды.
«Алла Тағала сый еткен ұлық мереке баршаңызға мүбәрак болсын!» – деп ізгі ниеттерін паш еткен жамағат айттау үшін тарқасты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.