Тәуелсіздік алған уақыттан бергі кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыруымен бірге рухани және мәдени өрісіміз де көтеріліп келеді. Құдайға шүкір халықтың талап-тілегі Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды.
Бүкіл әлем тойлаған айтулы мерекені Жамбыл облысының мешіттері де өз деңгейінде өткізді. Аудандарда өткен Құрбан айт мерекесі төмендегідей көріністерге ие.
Жамбыл ауданы. "Бәйдібек" мешіті.
Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Бұл күннің ерекшелігі шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат – құрбан шалу. Айтулы мерекеде Раббымыз Алла Тағаланың разылығы үшін құрбандық шалып, қамқорлық көрсету – екі дүниеде де сауапты іс. Жаратқанға жақындау, туған-туыс, дос-жаранға ілтипат көрсету мерекенің абзал амалдары. Сондықтан болар мерекенің алғашқы күні құлқын сәріден Алланың үйі мешітке қарай ағылған жұртшылықта есеп болмады. Олардың арасында көпшілікпен бірге қатар сапқа тұрып айт намазын оқуға аудан әкімі Мәден Мұсаев, орынбасарлары Самат Қабылбеков, Үміткен Найманова және бөлім басшылары да келген болатын.
Таңғы айт намазына келіп, салауат айтып, мінәжат еткен жамағатқа аудан әкімі Мәден Мұсаев пен ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков ізгі ниеттерін білдіріп, мерекемен құттықтады. Ізгі тілектерден кейін айт намазы оқылып, құран бағышталып, сонан соң құрбандық шалынып, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетілді.
Қасиетті Құрбан айтта жүрегімізге қуаныш ұялап, барлық ақ ниетті істеріміз қабыл болғай, оқырман қауым!
Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
«Шұғыла-Радуга» газетінің тілшісі.
Қордай ауданы.
Таң намазынан бастап аудандық «Қордай» мешітіне жамағат ағыла бастады. Мешіт лық толып, тіпті жиналған жұрт сыймай жатты. Мінбарға ауданның бас имамы Ә.Шалбай шығып, құрбандық жайлы, Құрбан айт жайлы әсерлі де әсем уағыз айтты. Мерекелік жиынға құрметті қонақтардың ішінде аудан әкімі Қ.Ә.Досаев, аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Р.Иманалиев, Б.Т.Жамангөзов, мәслихат хатшысы Б.Әлімбет сынды азаматтар болды. Аудан әкімі Қ.Ә.Досаев барша мұсылман қауымын мұсылман үмметінің мерекесі болған Құрбан айтпен құттықтап, ниеттердің, дұғалардың қабыл болуын тілеп, әлемді апаттан құтқаратын жалғыз күш ол тек қана имандылық екенін тайға таңба басқандай етіп тілге тиек етті.
Айша анамыздан жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Бұл күнгі ең үлкен құлшылық – ол құрбан шалу» деген хадисіне сай намаз аяқтала сала жиналған мұсылман жұрты арнайы дайындалған құрбан шалу орындарына шоғырланып, өз құлшылықтарын жасап, құрбандарын шалып, Жаратушыдан дұға тіледі. Құрбан шалушылардың алғашқы қатарларында аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы болып, бір бұқаны Алла разылығы үшін шалды.
Атап айтарлық жайт аудандық «Қордай» мешіті аудан әкімшілігімен, аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, аудандық мүгедектер қоғамымен және ардагерлер кеңесімен бірігіп мұқтаж жандарға құрбандық малдарының еттірін таратуға әзірлік жасап, игі істі іске асырып мұқтаждарға қол ұшын созуда. Ол жайлы алдымыздағы уақытта қосымша хабардар ету ниетіндеміз.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі.
Меркі ауданы.
Мұсылман бауырларымыздың ерекше мерекелерінің бірі – Құрбан айт мейрамы Меркі ауданында арнайы бағдарлама аясында өтті.
Мемлекеттік деңгейдегі мейрам болғандықтан аудан әкімшілігі өтетін іс-шараға қолдау көрсетіп, басы-қасында болды.
Ауданға қарасты барлық мешіттер айт мерекесіне алдын-ала дайындалып, айт намазы бір мезгілде өтті. Аудан әкімшілігінен ауыл мешіттеріне өкілдер тағайындалып, олар айт намазына қатысып, жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Негізгі іс-шаралар «Меркі-ата» мешітінде өтті. Аудан орталығында, аудандық мешітте «Құрбан айт құтты болсын, ағайын!» атты бильборт пен бағдарлама тізімі жасалынып ілінді. Жолаушыларды тасымалдайтын мекемемен келісіп, ауылға және аудан орталығына қатынайтын автобустарға афишалар ілініп, жолаушыларды тегін айт намазына жеткізді.
Айттың екінші күні бағдарлама бойынша ұлттық спорт ойындары: қазақша күрес, арқан тарту, күш сынасу, гір тастарын көтеру ойындары өтті. Бұл іс-шарада ауданның психологиялық, педагогикалық түзету мекемесінің тірек қимыл қозғалысы бұзылған 1 жастан 16 жасқа дейінгі 35 жасөспірім мен ата-аналары қонақ болды. Сондай-ақ, айтулы жиынға түзету мекемесінің басшысы мен ұстаздар қауымы, ауданның ішкі саясат бөлім басшысы және жамағат қатысты. Бүлдіршіндердің әр қайсысына көрпе сыйлық ретінде үлестірілді.
«Меркі-ата» мешітінде жиналған қонақтарға мешіт асханасында мерекелік дастархан дайындалып, ас берілді. Алла Тағаланың сынағындағы мүгедек жас бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Көздерінде қуаныш сезімі ұялаған балалардың жүздерінен разы болғандары байқалады. Құрбан айт күндерінде шалынған мал еттері мүмкіндігі шектеулі жандарға, жағдайы төмен отбасыларға таратылды. Жалпы саны аудан бойынша 120 жанұяға берілді. Ал, орталық мешітте 30 отбасыға құрбан еті таратылды.
Халықтың ынтымақ-бірлігін нығайта түсетін діни іс-шараларды салт-дәстүрімізбен сабақтастырып өткізу дәстүрге айналғанына жиналған халық қуанышты екенін жасырмады.
Аудандық «Меркі-ата» мешіті
Мойынқұм ауданы.
Арафа күні Мойынқұм аудандық мешітінің жамағаты бірлесіп мешіттің ішкі және сыртқы ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Құрбан айт мерекесін дәріптейтін ақпараттар мен мәліметтер, мақалалар он күн бұрын дайындалып, «Мойынқұм таңы» газетінде жарық көрді.
Мақалада құрбан жөнінде толық мәліметтер, айт намазының оқылу уақыты және қазақтың ұлттық ойындары: тай бәйге, көкпар, арқан тартыс, гір тасын көтеру, асық ату, қол күрес сайысы мен жасөспірім балаларға серіппе (батут) құрылатыны хабарланды. Сонымен қатар аудандағы мекеме басшыларына, ауданның қарияларына құттықтау қағаздары жіберілді.
Мешіттің алдында және көрнекті жерлерде «Құрбан айт құтты болсын!» құттықтаулары ілінді. Құрбан айттың бірінші күні мешіт жамағатпен толысты. Мойынқұм аудандық мешітінің бас имамы З.Исаев уағыз-насихат айтып, Құрбан шалудың тарихына тоқталып өтті. Аудан әкімі Бақытжат Балтабекұлы Нүркенов халықты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елімізге ауылымызға бірлік, ынтымақ тіледі.
Айт намазы оқылып болғаннан кейін құрбан шалынды. Бәкір Исабеков, Ердосов Бексұлтан сынды азаматтар ірі қара малын құрбандыққа шалып, қосымша 21 отбасыға азық-түлік (25кг ұн, 2л сұйық май, 1 бума шай) таратты. Сондай-ақ, алты қой құрбан шалынды. Бұл құрбан еттері аудандағы көмекке зәру, жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы, жалғыз басты аналарға және интернат асханасына таратылды. Барлығы 60 отбасына үлестірілді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Әлсіз мұсылманнан күшті мұсылман артық» және «Балаларыңызға атқа шабуға, садақ атуға, суға жүзуді үйретіңіздер» деген хадисін ұстана отырып, Мойынқұм аудандық мешіттің ұйымдастыруымен халық Аудандық атшабар алаңына жиналып, тай бәйгені тамашалады.
1 орынға – тана, 2 орынға – қой, 3 орынға – ешкі, 4 орынға – 6000 теңге, 5 орынға – 4000 теңге сый-сыяпат жасалды. Дүбірлі додаға барлығы 17 тай қатысты.
Бірінші орынды Мойынқұм ауданының тумасы Айдар Кеменқұлов иеленсе, екінші орыннан Қордай ауданынан келген Серік Шалғынбаев көрінді. Ал, үшінші орын – Санат Олжабаев (Қордай ауданы), төртінші орын – Мұратхан Жиенбаев (Шу ауданы), бесінші орын Жеңісбек Сұртаевқа (Шу ауданы) бұйырды.
Артынан салма көкпар ойнатылып, қазандыққа салған әр көкпаршыға 2000 теңгеден ақшалай сыйақы берілді. Барлығы 20 000 теңгені құрады.
Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялануына сәйкес Құрбан айттың екінші күні Мойынқұм аудандық мешітінің бас имамы З.Исаевтың ұйымдастыруымен мектеп жастағы балалар мен ересектер арасында қол күрес, гір тасын көтеру, арқан тартыс ойыны жүргізілді. Жеңімпаздарға мешіт атынан мақтау қағаздары мен бірінші орынға 5000 теңге, екінші орынға – 3000 теңге, үшінші орынға 2000 теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді.
Бүлдіршіндерге арналған серіппе (батут) құрылып, сусындар мен шелпектер таратылды.
Ә. Сүйіндік
Байзақ ауданы.
Жұртымыздың жетпіс пайызынан астамы ұстанатын ислам дінінің айтулы күніне орай, Құрбан айт мерекесі аудан орталығындағы «Байзақ баба» мешітінде де аталып өтілді.
Таң алакеуімнен аудандық орталық мешітке құлшылық етуге жиналған жамағаттың қарасы қалың болды. Орталық мешіт ауласына сыймаған жұрт жайнамазын сыртқы аулаға да жайып, дұға қылды.
Мерекелі айт намазы оқылудан бұрын, жиналған қауымды қасиетті де ұлық мерекемен аудан әкімі Мұратхан Шүкеев құттықтады. Аудан басшысы бабаларымыздан мұраға қалып келе жатқан Құрбан айтты мерекелеудің мән-мағынасына, ондағы көзделген мақсаттарға тоқтала келе, Алла Тағаламыз жасаған жақсылықтарыңызды, ақ ниеттеріңіз бен шынай пейілдеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл қылып, мақсат-мұраттарыңызды асыл етсін» –деген ізгі тілегін білдірді.
«Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизов аудан басшылығына алғысын білдіре келе, өмірден озған аруақтарға Құран бағыштады. «Ұлық мереке-Құрбан айт» тақырыбымен мазмұнға толы уағыздар жүргізді. Әсерлі уағыздан соң Құрбан айттың қасиеттері мен айтта орындайтын ізгі амалдарды кеңінен түсіндіріп айтып өтті және айт намазы оқылды.
Алғашқы болып, құрбандыққа бір бас ірі қараны жанұясы атынан аудан әкімі М.Шүкеев құрбандыққа шалды. Сонымен қатар аудандық бөлім, мекеме және құқық қорғау органдарының басшылары құрбандыққа он бес қой сойды. Айт намазынан кейін мешіт ұжымының ұйымдастыруымен мешітте ірі қара сиыр және 15 қой сойылып жағдайы төмен 131 отбасына, зағиптер үйіне құрбан малының етінен беріліп, 10 жағдайы төмен отбасына азық-түлік берілді.
Орталық мешіт айтулы мерекеге көптен бері айрықша дайындалып, бір күн бұрын мерекенің құрметіне салт-дәстүрімізге сай арнайы киіз үй тіктірген еді. Мереке ұлттық ойындарымызбен жалғасын тауып, палуандарымыз қазақша күреске шығып, барын салып белдесті. Гір тасын көтеру сайысы өтіп, білекті жігіттер он алты келілік гір тасын ұршықша иірсе, арқан тарту мен қол күресінен (армрестлинг) күштілер өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ, «Байзақ баба» мешітінің ұйымдастыруымен арқан тарту, гір көтеру, қол күрес, және қазақша күрес ойындарына бірінші орынға кубок және 10 000 теңге, екінші орынға 5000 теңге, үшінші орынға 3000 теңге беріліп алғыс хат тапсырылды.
Аудан әкімі М.Шүкеев пен «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизов қатысушыларға құрметпен алғыс білдіріп, дүбірлі додада оқ бойы оза шыққан қатысушыларды ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Мұхтар МАНЕКЕЕВ
Шу ауданы.
Шу аудандық «Төле би» мешітіне айт күні таң намазынан бастап жамағат ағыла бастады. Мешіт іші лық толып, тіпті жиналған жұрт сыймай да жатты. Ауданның бас имамы Қуандық Мұсаев минбарға шығып құрбандық жайлы және құрбан айт намазы жайлы әсерлі де әсем уағыз айтып, артынан аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы халықты ұлы Құрбан айт мерекемен құттықтап, Алладан елімізге тыныштық тіледі.
Айт намазы оқылып болған соң, құрбандық шалу рәсімі басталды. Аудан әкімі бастап аудан әкімішілігінің артынан ірі қара малды құрбандыққа шалды. Төле би мешіті құрбандыққа шалынған құрбан еттерін ауылда тұратын аз қамтыған жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы аналарға және аудандық мүгедек балалар бақшасына үлестірді. Сондай-ақ, «Төле би» мешітінің ұйымдастыруымен айт намазына кеген жамағатты тегін тасмалдауға арнайы автобустар қызмет етті.
«Дін мен дәстүр» жылына орай, аудандық мешіттің ауласында спорттық сайыстар (қазаша күрестен түйе палуан, қол күрес, турникке тартылу, гір тасын көтеру, сертпе (отжимание) және арқан тартысы) ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықпен қосымша діни заттар беріліп, мақтау қағазбен марапатталды. Сонымен қатар жамағатқа арнайы қазақ үй тігіліп, дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі.
hibatulla.kz