Құрбан айт мүбәрак болсын!

Құрбан айт мүбәрак болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!

Қадірменді мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!

   Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Құрбан шалу – малмен атқарылатын құлшылық, орындалуы уәжіп болып саналатынын білесіздер. Алла үшін құрбан шалу – сауабы аса зор іс. Құрбан шалудың, құлшылық жасаудың негізгі мәні – әлемдердің иесі ұлы Раббымызға бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалғанда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі екен. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құранда: «Раббың үшін намаз оқы, құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят), — деп бұйырылған. Ал, хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», — деп ескерткен.

Алла разылығы үшін шынайы ықыласпен сойылған құрбандықтың алғашқы тамшы қаны жерге тамар-тамбаста-ақ құрбан шалған мүміннің күнәлары кешіріледі екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай айтқан: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында қабыл болады. Сондықтан құрбандықты шын ризашылықпен шалыңдар». Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған. 

Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті, асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Құрбан айт мейрамының алғашқы күнін Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Дүние жүзін 1 миллиардтан астам мұсылман мекен етеді. Яғни, Құрбан айтты осынша халық тойлайды деген сөз. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін ұлық мейрам.

Құрметті жамағат, ардақты ағайын!

Алла Тағала ұлықтың ұлы күні жасаған ізгі амалдарыңызды, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Әр отбасыға ырыс-береке, бірлік берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бейбіт өмірді мұрат тұтқан мұсылман қауымының ұлық мерекесі құтты болсын, ағайын!

Данияр ЖҰМАБАЕВ,

 ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,

«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы. 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: