Жаңа оқу жылының алғашқы апталарында Жамбыл облыстық округ әкімшілігінің ұйытқы болуымен, жоғарғы сынып оқушыларының қатысуымен жат ағымдармен экстремизм терроризмнің алдын алу мақсатында кездесу өтті.
Бұл іс-шараның ерекшелігі мектеп оқушыларының ата-аналары, ұстаздар, ауыл ақсақалдары, ардагерлер төрағалары, аудан әкімшілігінің ішкі саясат бөлім мамандары қатысты. Мұндай ауқымды жиынға ауданның бас имамы бастаған үгіт-насихат тобының мүшелері келіп, жиын өз жұмысын бастады.
Салтанатты жиынды мектеп директоры ашты. Жиынға келгендерге қошемет білдіріп, жиналғандарға жиынның негізгі тақырыбымен таныстырып, бас имам Батырбек қажы Жақсымбетұлы сөз сөйледі.
Бас имам сөз басын негізгі тақырыптан бұрын ата-ана, ұстаз, үлкендерді, басшыларды, Отанды құрметтеу мәселесіне арнады. Бұл жайында қасиетті Құран аяттарына және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне тоқталып, жасөспірімдердің технологияның күннен-күнге дамыған заманда келешегіне алаңдаулы екенін білдірді.
Бүкіл әлемді ойға қалдырған Ислам дініне еш қатысы жоқ, біз ұстанып жүрген дінге қайшы келетін жат-ағымдар экстремизм-терроризм әрекеттері жайлы тоқталды. «Технология құралдарын пайдалану заман талабы дейміз, мұның жақсы жағы және жаман жағы бар. Біреу жақсы жағын алса, біреу жаман жағын алады. Сана-сезім жаманмен уланса, өзінің не істегенін білмей қалады. Осыдан барып түрлі оқиғалар болып жатады. Әсіресе, жастардың өз-өзіне қол жұмсау, басқа діннің жетегінде кету немесе шет елге кетіп қалуы,» – деді имам.
Ислам дінінің ұстанымы бейбітшілікті, ынтымақ-бірлікті жақтап, тіпті тілімен біреуге зиян тигізуге болмайды деп, осы сынды басқа да мәселелерге тоқталды.
Одан әрі ардагерлер, қариялар, ұстаздар сөз кезегін алып, көкейкесті мәселеге байланысты өз пікірлерін айтты.
Кездесу соңында жиналған қауым дінге байланысты сұрақтар қойып, риза болатындай жауап алып, жиынға оң баға беріп тарқасты.
Аудандық «Меркі-ата» мешіті