Бірлік ауылында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта жиын өтті. Оған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Манарбек Көшкімбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ауданымыздағы өкілі Ерлан Әнуаров, аудандық мешіттің бас имамы Зият Исаев қатысып, жат пиғылдағы діни ағымдар, мешіттердегі имамдардың білімі, саяси ой-өрісі, беделі, материалдық жағдайы жайында сөз қозғады.
Жиынды ауылдық округ әкімі Талғат Мұсақұлов ашып, жүргізіп отырды. Ауыл тұрғындары Аманғали Молдабаев, Ерқадыр Жұмабаев, Раушан Жетібаева аудан тұрғындары арасынан жат пиғылдағы діни бағытқа кіргендердің арасынан ұсталғандар болды ма, қыз-келіншектердің тұмшаланып орамал тартуы дұрыс па, мешіт имамдарының тағайындалу тәртібі, оларға жалақы төлеу, жас жеткіншектерге мектеп қабырғасынан діни білім беру, діни басылымдардың таратылуы жайы және тағы басқа өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Олардың сұрақтарына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Ерлан Әнуаров пен аудандық мешіттің имамы Зият Исаев нақты жауап берді.
Ә. Сүиіндік