Облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы», Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» ЖҚБ мен «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта облыстық конференция өтті. Жиынға Қазақстан мұсылмандары діндер басқармасының ғұламалар кеңесінің мүшесі, республикалық уағыз-насихат тобының мүшесі, теолог-исламтанушы ғалым, ұлағатты ұстаз Ерсін Әміре, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев, Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, қала мен аудан имам-молдалары, мешіт жамағаты, медресе ұстаздары мен шәкірттері, дінтану мұғалімдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мешіт қызметкерлері, т.б. қатысты.
Қазақстан қылмыстық департаментінің қызметкері Жандос Әбдібекұлы қоғамда орын алып жатқан ағымдардың іс-әрекеттері, экстремистік топтар жайында мағұлматтар берді. Данияр Жұмабаев діннің қоғамдағы орны, дәртүрлі дініміз, ауылдағы уағыз-насихаттың маңыздылығы, салафизм мәселелеріне тоқталса, Ерсін Әміре ниет, ықылас, имамдарға жүктелген міндет, терроризм, салафизм мен уахабизм, қоғамдағы оқиғалар турасында сөз сөйледі. «Кімге Алланың дініне қызмет ету берілсе, ал ол оның орнына дүниелік нәрсені қаласа, Алланың аманатын аяқ асты еткені,» – дейді Ерсін ұстаз. Сондай-ақ, түрмедегі жазасын өтеп жатқан қарапайым халық, терроризммен ұсталған адамдар және сыртта жүрген салафтар турасында тілге тиек етіп, атқарылған жұмыстар мен нәтижелерін, ұсыныстарын ортаға салды. Зайырлы радикализм мен діни ағымдардың зиянын тілге тиек етті.
Сонымен қатар баяндама жасаған қонақтарға жиналған қауым көкейіндегі сауалдарын қойып, мардымды жауаптар алды. Қатысушылар тарапынан ауылды жердегі жат ағымның жайылуы, уағызшыны уахабис деп айыптаулар, тендер ұтып алушылардың мәселесі, хиджабқа неге тыйым салынып, батыстық үлгіге шектеу қоймаймыз сынды сұрақтар қойылып жатты. Жангелді Омаров өз сөзінде дінтану сабағының курстық емес пән ретінде жүргізілуіне тәжірибие (эксперимент) жасалып жатқанын жеткізді. «Мектеп оқушыларының хиджаб киюі білім туралы заң бойынша рұқсат етілмейді, алайда одан басқа оқу орындары мен жұмыс орындарында зайырлы мемлекет болғандықтан әркімнің өз құқығы бар,» – дейді ол.
Мәжіліс соңында елең еңбегі үшін имамдар марапатталды. Тараз қаласы «Әзірет Әли» мешітінің имамы Бекболат Мыңбаев, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Түктібай ауылының имамы Мұрат Базарбаев, Меркі ауданы Тәттібай ауылының имамы Асхат Көпбосынов алғыс хатпен марапатталды. Имамдарға нотбук сыйға тартылды. Айтулы марапатты Ерсін Әміре табыстады.
Ал, ынталандыру сыйлығы қасиетті Құран Кәрім Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылының имамы Төленді Оспанов пен Қордай ауданы, Қасық ауылының имамы Саламат Аманбаевқа бұйырды.
Алдағы уақытта Алланың қалауымен мұндай іс-шаралардың түгесілмейтіні айтылып, жамағат жинаған ғибратымен бөлісе тарқасты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі