Меркі ауданындағы жұма намазы

Меркі ауданындағы жұма намазы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күндердің ұлығы жұма күні «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Сержан Құралбайұлы Алманов орталық «Меркі-ата» мешітіне арнайы келіп жұма намазына қатысты.

Жұма намазының алдында жиналған жамағатпен жүздесіп, аман-есендік сұрасып, келген іс-сапары жайлы баяндады.

Сержан Құралбайұлының уағыз-насихатының негізгі тақырыбы намаз турасында өтті. Құлшылықтың ішінде ең маңыздысы, Алла Тағалаға жақын болудағы мүмкіншілік бұл – намаз. Сол себепті, Алла Тағала намазды өзінің жаратқан құлдарына парыз деп бұйырған. Жаратушы иеміздің бұйрығын бұлжытпай орындау біздер үшін парыз.

«Құрметті жиналған жамағат, Алла Тағала тектен-тек намаз оқуды бұйырған жоқ. Әр нәрсенің сұрағы болғандай ағып жатқан судың сұрауы болса, намаз оқымай Алланың бұйырғанын орындамай салғырт қарасақ, онда намаздың сұрағы қандай болмақ? Әрине, ақыретте ауыр болмақ. Ақыретке барған кезде алғашқы сұрақ намаз болады. Сіздерге айтарым, араларыңызда намаз оқымай жақында оқимын, міне, оқимын деп жүргендер болса, уақыт күттірудің қажеті жоқ. Себебі, сізбен-біздің қолымызда анықтама қағазымыз жоқ. Мен әлі 10-20 жыл өмір сүремін деген. Әр нәрсе Алланың қалауымен болады, Алла Тағала рақымды, өте мейірімді.

Көп жылдар бойы намаз оқып жүрген ағайындарға айтарым, өзім оқып жүрмін осы маған жеткілікті деп саяз ойлаудан аулақ болыңыз. Алла Тағала сізден разы болсын. Бірақ өзің білгенді өзгеге айтып үйреткеніңше сіздің істеген амалдарыңыз толық емес. Толық болу үшін не істеу керек? ИншАлла намазымыз бар, енді басқа бауырларымызға үйретіп, намазға тарту керек,» –дейді ұстаз.

Сержан ұстаз уағызының соңында жамағатқа өтініш жасады. Қадірменді жамағат! Жұма намазынан кейін, уағызымызды жалғастырып, сіздердің көңілдеріңізде шешімі табылмай жүрген сұрақтарыңыз болса, қалуларыңызды сұранамын, – деп көпшілікке қайырылды.

Сержан Алманов жамағат өтініші бойынша жұма намазын өткізді. Ұстаздың сұранысы бойынша біраз адам қалып, кездесу одан әрі жалғасын тапты. Бір сағатқа жалғасқан сұрақ-жауап тартымды өтті деуге негіз бар. Олай деуіміз, пенде болған соң білгенімізден білмегеніміз көп қой. Негізгі сұрақтар некелесудің қыр-сыры, кредит алу мәселесі жайлы болды.

Сержан Құралбайұлы сұрақтарға шариғи үкімдер аясында жауап қайтарып, өмірден өткен көптеген оқиғаларды мысалға келтірді. Тұшымды жауап алған жамағаттың көңілдері иланды. Бұдан былай қыр-сыры көп шариғи тәртібі бойынша амал етуге келісіп тарқасты.

Аудандық «Меркі-ата» мешіті.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: