Жамбыл облысы МКҚБ ММ-нің жеке құрам арасында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізу аясында аудандық мамандандырылған күзет бөлімінің ғимаратында дөңгелек үстел өтті. Кездесуге аудан имамы Алмас Кенжемолдаев, аудандық мамандандырылған күзет бөлімінің қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелде соңғы кезде ақпарат көзінен түспей жүрген «Діни экстремизм мен терроризм» тақырыбы талқыланды.
Алланың асыл дінін жеке мүдде немесе белгілі бір саяси мақсатта қолдану арқылы ғасыр тоғысында ел арасында діни ағымдар көбейді. Ол ағымдар Алланың дінін бетперде қылып, дін қағидасы түгілі қарапайым адамдық құндылықтар өлшеміне келмейтін қатыгез іс әрекеттерге барып жатыр. Мемлекеттің маңызды объектілерін күзететін тәртіп сақшылары олардың террорлық іс әрекеттеріне бірінші тосқауыл қоятын бөлім болып есептеледі. Сол үшін де оларды дін адамдарынан ажырата білу, ағымдардан сақтану және сол арқылы ел тыныштығын қорғауға үлес қосу құқық сақшылары үшін маңызды іс болмақ. Аудан имамы Алмас Рысханұлы Кенжемолдаев осы мақсатта бөлімшеге шақырылып, қазіргі ислам әлемінде қаптап кеткен теріс пиғылды ағымдар турасында баяндама жасады. «Таблиғи жамағат», «Салафизм» оның тармақтары «Мадхалиттер», «Сурури», «Такфир Хижра жамағаты» т.б кері тартпа ағымдардың шығу тарихымен иделогиясы туралы мағлұмат берді. Жиында ағымдардың ортақ тарихы, кемшің тұстары, қателіктері, сыртқы-ішкі айырмашылықтары талқыланып, бірқатар пікірлердің арқасында өз мәресіне жете түсіндірілді.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы.