Аудандық «Қордай» мешітінің ұйытқы болуымен, сондай-ақ, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Отар және Кенен ауыл аймақтарында ауыл адамдарын татулыққа, имандылыққа, бірлікке шақыратын айтулы іс шара өтті. Аталмыш іс-шараға ауданның наиб имамы, дінтану магистрі Д. Жандосұлы, ішкі саясат бөлімінің бас маманы А. Бірімқұлов, ауыл әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Имаммен кездесу, оның сабырға шақырған салауатты сөздерін тыңдау, иманды жүрекке серік ету және Аллаға құлшылық ету арқылы мол сауапқа кенелуге болатынын түсіну, уағыз тыңдау халықпен етене қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер үшін маңызы өте зор.
Қоғамдық мән-мағынасы терең келелі кездесуде, Дәуренбек Жандосұлы еліміздегі орын алған діни ахуалдар жайлы айта келіп, жат ағымдардың арбауына түсіп қалмауды адуынды тілге тиек етті. Имандылық, теріс қылықтардан аулақ болу және бірлік пен адамгершілік жайлы әңгімелер айтылды. Дәуренбек Жандосұлы ислам діні татулық пен бірлікті, ұлттар арасындағы ынтымақтастықты ту етіп келеді. Бүгінгі күні халық пен жер, дін, Отан тұтастығын сақтап, дербес те тәуелсіз мемлекетімізді одан әрі баянды ету басты назарда болуы қажет, – деп ой сабақтады. Мемлекеттік қызметкерлер өз көкейкесті сұрақтарын дін өкіліне қойып, мардымды жауаптарын алды.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі