Жамбыл облысының өкіл имамы, «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев және Тараз қаласының бас имамы Аят Дыбысұлы, Тараз қаласындағы бірнеше мешіттерді аралауды жалғастырды. Атап айтатын болсақ, «Хазіреті Әли», «Шейх Зуннун», «Хамрақұл» және «Бегалы ата» мешіттеріне барып, жамағатпен кездесті. Өкіл имам мешіт жамағатына дәстүрлі дініміздің құндылықтарын, теріс ағымдардың зардаптарын, Имам Ағзам Абу Ханифа мазхабын ұстанудың маңыздылығын кеңінен айтып түсіндірді. Ислам бейбітшілік діні, ислам ешкімді бөліп-жармай қайта барлық мұсылмандарды бір тудың астына бірігуге шақыратын дін екенін түсіндірді. Теріс ағымның жетегінде жүрген кейбір бауырларымызға өзіміздің дәстүрлі дінімізді ұстануға шақырды. Қазіргі таңда біздерге бөліну емес қайта бірігу, ауызбіршілік, ынтымақ керек екендігін тайға таңба басқандай тілге тиек етті. Мешіт қауымынан қойылған сауалдарға да мардымды жауаптар айтылды. Өкіл имам еліміздің тыныштығы, мешіттеріміздің ашық тұруы біздің үлкен жетістігіміз дей келе, осындай тыныштықтың қадіріне жетуіміз керек деді.
Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінің баспасөз қызметі