«Дін – мәңгілік ал, саясат күнде өзгереді,» – деп Елбасымыз айтқандай, Алланың асыл діні Алланы танытудан басқа ешбір дүниелік мақсатты көздемейді. Дінді дүние саясатына айналдырып алған кейбіреулер өз мақсат мүддесіне қолжаулық қылуда. Исламның негізгі болмысынан бөлініп шыққан ағымдардың да түпкі салдары осыда. Егеменді ел болып, өз қолымыз өз ауызымызға тигенде, ата бабамыздан мұраға қалған асыл дініміз исламмен бірге жан-жақтан кірме ағымдар, жалаң түсініктер елімізге лап ете қалды. Ара-жігін ажырата алмаған алаң жастарымыз сол ағымдардың жетегіне жүріп кете берді. Ағымдардың жалған түсініктерін әшкере қылу ол исламның қайнарына оралуымен ғана болатындығы анық. Осы бағытта ҚМДБ соңғы жылдары жұмыс жоспарларына тың жобалар еңігізіп еді. Оның жемісі де көрініс беріп жатыр.
Осы қарқынды жұмыстардың кезекті жобасы ретінде жақын арада Жуалы аудандық «Толымбайтегі Зиябек» мешітіне облыстық «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Сержан Алмахан келіп, уағыз-насихат жүргізді. Жұма уағызында мұсылманды ерекшелейтін сипаттар, сенім дұрыстығы, намаз құндылығы, мінез құлықтың көркемділігі турасында жүйелі уағыз айтылды. Мұндай уағыз-насихаттардың ауылдағы кісілер үшін қаншалықты маңызды екені олардың зейін қойып тыңдауларынан аңғарылды. Сауабы мол, ұғымы терең насихаттың сусынынан нәр алған халық ұстазды қимай жұма намаздан соң көкейдегі сауалдарын қойып, көкейкесті сұрақтарына қанағаттарнарлық жауаптар тапты.
Жамбыл облысы
Жуалы ауданы