Алдыңғы ақпараттарымызда мәлімдегендей аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Д. Жандосұлы жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен бірнеше кездесулер өткізген. Қордай аудандық мамандандырылған «Күзет» полиция бөлімінде өткен кездесу нәтижелі болып, бүгінгі таңда өз жалғасын табуда. Кездесуге дінтану магистрі Д. Жандосұлы, облыстық ІІД психологтары, бөлім басшылығы және жеке құрам қатысты.
Ислам тақырыбын қамтыған басқосуда исламның қазіргі ахуалы, ислам құндылықтары мен адами қарым-қатынастары турасында сөз қозғалды. Жиында дәстүрлі дініміздің көркемдігі жөнінде әсерлі әңгімелер өрбіді. Қазіргі таңдағы суицид, ішімдік ішу және т.б зиянды әдеттер жайлы Д.Жандосұлы кең тоқталып, олардың зардаптарын тізбектеп берді. Өзге ағымдардың жүрігізіп жатқан теріс іс-әрекеттерінен сақ болуға үндеді. Жалпы дінге қатысты сауалдар болса, міндетті түрде мешіттің ұстаздарына, имамдарына жолығуға кеңес берілді.
Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекіткен кітаптарын, сайттарын, имани басылымдарын қараған абзалырақ екенін де айтып өтті.
Жиын соңында полиция қызметкерлері өздерінің ойларымен бөлісе келе, маманға түрлі тақырыпта сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі