Соңғы он шақты жылдан бері жастарымыздың бір бөлігі дінге мойын ұсына бастағанымен, екінші бір бөлігінің халқымыздың діліне, жалпы табиғатына жат әлдебір секталарға өтіп кетіп жатқаны да анық. Қазіргі таңда халықтың дінге деген қызығушылықтары пайда болған сайын түрлі жаңа, бізге тән емес жат ағымдардың кейбірі, адамдарды отбасынан, қоғамнан, халқының дәстүрінен айыруға әрекеттенуде. Әрбір жан, әрбір азамат көп жағдайларда өзінің жан дүниесі шаршағанда, өмірден түңілушілік сәттерінде өзіне рухани қажеттілік, рухани демеуді іздейтіні белгілі. Осындай сәттерде рухани азық іздеген жанның әлгіндей топтардың жетегінде кетіп қалатыны да жасырын емес. Қазіргі таңда көбіне жастар білімсіздіктің себебінен осы түрлі діни ағымдардың, секталардың құрбаны болуда.
Білімнің адамзат баласына қаншалықты маңызды екенін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Біліммен істелген кішкентай амал, білімсіз істелген үлкен амалдан абзал», – деген. Хадиске сай жұма күні Т. Рысқұлов ауданы «Сұлтан» орталық мешітінде «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Сержан Алманов ауыл жамағатымен, ауыл ақсақалдырмен кездесіп, уағыз-насихат айтты. Мұндай уағыз-насихаттардың ауылдағы кісілер үшін қаншалықты маңызды екені олардың зейін қойып тыңдауларынан аңғарылды. Сауабы мол, ұғымы терең, ынтымақ пен бірлікке жетелейтін мұндай насихаттың сусынынан нәр алған халық ұстазды жібергісі келмей, осындай шаралар жиі болып тұрса деген тілектерін жасырмады.
Кездесу сонында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға Сержан ұстаз қанағаттырарлық жауаптар берді.
Әбілда Мейірханов, әскери зейнеткер