Қайырымдылық

Қайырымдылық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанына көп болған жоқ. Ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлының айтуынша, биылғы Рамазан айында ораза тұтып, ауыз бекіткен жамағат көп болыпты. Осы қасиетті айда пітір-садақа берушілердің қатары да жылдағыдан артқан-ды.

Демек, отбасы жағдайы төмен жанұя мүшелері, жетім-жесірлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мейірімділіктің мерейін, қайырымдылықтың шапағатын сезінетін күн алыс емес-ті. Өйткені, жылдағы дағды бойынша пітір-садақадан түскен қаражатты, басқа да заттай түскен мүліктер халыққа таратылады.

Биыл да сол дәстүр жалғасын тауып, қасиетті жұма күні аудан орталығы Аса ауылында тұратын 15 адамға Ғайырфулла Қуанышбекұлы ұн, құмшекер, күнбағыс майы, кеспе, картоп және пияз секілді азық-түліктерді үлестірді. Әрқайсысының қолына қос-қостан кілем ұстатты.

Қайырымдылық – қамқорлықтың айнасы десек, бүгінгі ізетті іс ізгіліктің, мейірімділіктің нұры шашылған сәті дерсің. Олардың бәрі де қуаныш құшағына енген.

Қуанышын жасыра алмаған Қуаныш Асанов: – Мешіт – Құдайдың жердегі екінші үйі деген сөз рас екен. Осыншама азық-түлік береді деп еш ойламаппын. Тіпті екі-екіден кілем де берді. Бұдан артық қуаныш болар ма? Төрт балам бар. Қазір уақытша жұмыс істеп жүрмін. Бас имам Ғайырфулла қажыға дән ризамын, – десе, көп балалы ана Раушан Сұрабалдиева: – Менің де айтар алғысым шексіз. Қамқорлық осындай-ақ болар. Бір айға жететін азық-түлік алдым. Мен де Қуаныш секілді уақытша жұмыс істеп жүрмін, – деді. Олардың сөзін қоштаған жалғыз басты ана Жарқынкүл Жеренова да алғысын жаудырып жатты.

Жыл сайын қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыратын «Бәйдібек» мешітінің қамқорлық аясында жасап жатқан жұмысы кім-кімге де үлгі болса керек. Біз – жетім мен жесірін жылатпаған, қиналғанға қарайласқан халықпыз.

Қайырымдылық іс-шарасы тек «Бәйдібек» мешітінде ғана емес, ауылдық округтердегі мешіттерде де ұйымдастырылып, пітір-садақадан түскен қаражатқа мұқтаждық көріп отырған жандарға азық-түлік беріліп жатыр.

Дүйсенбек Орманов,

Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің тілшісі. 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: