«ЖанДауа» қоғамдық бірлестігі мен ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Жастар бөлімінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, облыс әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының демеулігімен жастар арасында теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында практикалық конференция өтті. Аталмыш іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, теолог ғалымдар, саясаттанушылар мен қоғамдық ұйымдар, баспасөз қызметкерлері, ұстаздар, оқушылар, мешіт қызметкерлері қатысты.
Қазіргі уақытта қоғамды ерекше алаңдатып отырған мәселелердің бірі – жат ағым. Дәстүрлі діннен, дәстүрден, терең тарихымыздан алшақтап кеткен жастар саяси ортаның шырмауығына ілініп, біреуі қолына қару ұстаса, екіншісі «бұл ислам жолы» деп ұлттық үрдістен айырылуда. Егеменді ел болып демократиялық үрдістер жүргізіле бастағалы дін саласында едәуір өзгерістер пайда болды. Діни бірлестіктердің саны күн санап артып, дәстүрлі конфессиялардың өсуімен қатар, елімізде бұрын болмаған діни ағымдар пайда бола бастады. Өкінішке орай, сол сырттан келген жат, кертартпа діни ағымдардың етегінде қылшылдаған жастарымыз кетуде. Мұның басты себебі, діни білімнің төмендігі. Өйткені, білімсіз жасалған құлшылық – тамырсыз талмен тең. Блімсіздік – бүлікке, бүлік – бөлінуге әкеп соғатыны сөзсіз.
Көтерілген мәселе бойынша облыстық мұрағат қызметкері, «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы, Жаңа-Ру жастар коалициясының Президенті, Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері пікірлерін ортаға салды.
Ашық түрде жиһадқа шақырып жүрген ғаламтор парақшаларын жабу үшін әлеуметтік желілерді тексеруден өткізу, мектептерде оқылатын дінтану пәнін негізгі пән ретінде өткізу мәселесі ұсынылды. Сонымен қатар жастарды ғана тілге тиек ете бермей оларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың да діни сауатын арттыруға көңіл бөлу керек деген пікірлер де жоқ емес-ті. Мәжіліске жетекшілік етіп отырған Дәмекен Ахметова: «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей қоғамның барлық саласы, мүшесі осы мәселеге бір кісідей жұмылып ат салысу керек десе, «Қоғамдық бірлестіктер бірлесіп меморандум жасап, қол қойып, бірлесе қызмет атқарайық,» – дейді Серікбол Берікқожа.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.