Ислам атын жамылған жат ағымдармен күрес жүргізу қазіргі таңда еліміздің және әлемнің өзекті мәселесіне айналып отыр.
Жуырда Т. Рысқұлов ауданы «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің қызметкерлерімен аталмыш тақырыпта кездесу өткізді.
Кездесуде бас имам «Отанды қорғау – иманнан» тәмсіліне сүйене отырып, ел іргесінің берік, қоғамның тыныш, бейбіт те берекелі күн кешуі ауызбіршілікте екенін жеткізді. Қазіргі уақытта дінді дүдамал ағымның айтуымен ұғынатын кейбір жастардың Отан алдындағы борышты қорғаудан, әскери, қала берді азаматтық міндеттен бас тартуы мұсылманға тән сипат еместігін айтып, Отан мен иман арасы ажырамастай ұғым екенін жеткізді. Кездесу соңында әскери қызметкерлер бас имамға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ, әскери зейнеткер.