Ораза айт қайырымен

Ораза айт қайырымен

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ораза айт иманды күшейтіп, азаматтардың қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаждарға қолұшын беруге, қонақжайлылық пен мәрттік көрсетуге жол ашатын мереке. Осы күні жомарттық танытып, игілікті істің басы-қасында болғандар аз болмады. Мәселен, Рамазан айында аудан орталығындағы “Байзақ баба” мешітінде ораза тұтқан жамағатқа ауызашар беріліп, қайырымдылық шаралары атқарылды. Сонымен қатар жыл сайын Рамазан айында аудан әкімі ауызашар дастарқанын жайып келеді. Міне, осы істер ел тұтқасында жүрген өзге де лауазым иелеріне үлгі болғандықтан, үстіміздегі жылы да ауданның ілкімді де іскер азаматтары жақсылықтың басында болды. Облыстық мәслихаттың депутаты О. Телеуов болса жыл сайын қадір түнін қадірлеп, арнайы құрмет көрсетіп келеді.

Жалпы осы айда бас имамның ұйытқы болуымен 124 адамға азық-түлік өнімдерімен қатар ақшалай да жәрдем берілді. Ардагерлер де құрметтелді. Елді мекендердегі мешіттерде де қайырымдылық шаралары өткеріліп, тұрмысы төмен, көп балалы отбасы, жалғызбасты қариялар мен жетім-жесірлер қолдауға ие болды.

«Ей, адам баласы! Алла үшін қайырымдылық жаса, сонда саған да қайырымдылық жасалады». “Кім бір жақсылық істесе, оған одан да артық жақсылық бар», — деп Алла Тағала жақсылыққа жұмсалған әр нәрсенің орнын басқа жақсы нәрсемен толтыратындығын және жомарттық танытқан кісіге қарымын қайтарып қана қоймай оған тағы істеген жақсылығын арттырып беретіндігі айтылған.

«…Жақсылықта жарысыңдар» деген екен хадисінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Жақсылық жасап, қайырымдылық көрсетуді бойына сіңірген “Байзақ баба” мешітінің бас имамы Рәмиз қажы мешіт жамағатымен ақылдаса келе, облыс орталығындағы “Һибатулла Тарази” мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаевқа ораза айттың бірінші күні Тараз-Сарыкемер бағытында жүретін “050” автобустың бірі жолаушыларға тегін қызмет көрсетсе деген ұсынысын айтқан-ды. Аталмыш ұсыныс қолдау тауып, жұма, 17 шілде күні Тараз-Сарыкемер, Сарыкемер-Тараз бағытындағы бір “050” автобусы жолаушыларды тегін тасмалдады.

Осындай қайырлы іске мұрындық болған Рәмиз қажыға, ұсынысқа демеушілік танытқан “Һибатулла Тарази” мешітінің бас имамы Данияр қажыға жолаушылардың алғысы шексіз. Осылайша, рақым нұры төгілген рамазан айы – қайырымдылық пен мейірімділік жаршысы болды. Ораза тұтқандар ораза айтқа аман есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар айтты. Үш күнге созылатын ораза айт мейрамында ата-аналарымызға құрмет көрсетіп, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағдайын сұрау – назардан тыс қалматындығы шындық. Ал, бақилық болғандарға Құран бағышталады. Балаларға сыйлықтар жасау, жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мейрамдарында шын көңiлмен жәрдем берілетіндігі даусыз.

Иә, өзгеге қайырымдылық жасау, мұқтажға көмек беру, жабыққанға жәрдем етушілер үстіміздегі жылы Рамазан айында молынан болғандықтан, осындай жүрегі жомарт азаматтарымызға Алла тағала разы болсын демекпіз.

 Байзақ айданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: