Ораза айт - ұлық мереке

Ораза айт - ұлық мереке

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Төрткүл  дүниені мекен еткен мұсылман қауымы үшін қастерлі  мереке – ораза айт мейрамы да келіп жетті. Қасиетті Рамазан айы аяқталғанын білдіретін бұл мереке исламның  ғасырлар бойғы игі дәстүрінің, оның маңызды рухани құндылығы болған кеңпейілдіктің, жақсылық пен мейірімділіктің көрінісі саналады. Әлемнің барлық мұсылмандары мүбәрак Рамазан айымен қимай қоштасып, қадірлі айды құлшылықпен, тақуалықпен өткізіп, Жаратқаннан елге жақсылық тілеп, дұға жасады. Өздерінің санасы мен жүрегін жаман ой, жат пиғылдан арылтып, ай бойы таң сәрісінде тұрып, сәресі асын «бисмиллә» деп ішіп,  күн сайын нәпсісін қадағалап, ішкі жан дүниесімен терең сырласты, иілмеген  бас сәждеге барып, құлдық етті. Осылайша, Хаққа өзінің құл екенін білдірді.

Жалпы ислам діні татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екені баршаға мәлім. Әсіресе асыл дінімізде ораза айт пен құрбан айттың алатын орны айрықша.

Айт – арабтың «иъид» деген сөзiнен шыққан. “Мерекелеу», «бiр-бiрiн мерекемен құттықтау” деген мағынаны қамтиды. Демек, айт сөзiн “мереке”, “мейрам”, “қуаныш”, “шаттық”, “қарымта” деп түсінген абзал. Бұл жөнінде Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм, Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді.

Қасиетті жұма күні “Байзақ баба” мешітіне бет алған жамағат ораза айт намазын оқу үшін мешітке ағылды. Бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, арқа-жарқа болған жамағат алдында  аталмыш мешіттің бас имамы Рәмиз қажы сөз сөйледі. Ол ораза айттың маңызына тоқтала келе, аталмыш мейрамда науқастардың халін сұрап, жәрдем берудің, кешірімді де мейірімді болу жайында, сондай-ақ, Шәууәл айындағы алты күн ораза тұтудың маңызын сөз ете келе ұлық мерекемен құттықтады. Аудан әкімі Мұратхан Шүкеев ата дініміздің құндылықтарына тоқтала келе, кең байтақ даламызды мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқандығын, Елбасымыздың көрегенділікпен жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында көп ұлтты халқымыз ынтымаққа ұйысқандығын тілге тиек ете отырып, көпшілікті қастерлі мерекемен құттықтап, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгілікке баянды болсын деп, елімізге тыныштық, халқымызға амандық тіледі. Аудандық ардагерлер  кеңесінің төрағасы Р. Шәметов ораза айт мейрамы елімізде мұсылмандарды ғана емес күллі қазақстандықтарды біріктіре түсетін мейрам екендігін айтты.

Екі рәкағат айт намазы оқылып, намаз соңынан хұтба айтылды, әруақтарға құран бағышталды.

Ораза айт намазының құрметіне жайылған дастарханнан көпшілік дәм татты. Сонымен қатар осы күні 7 отбасына азық-түлік өнімінен қайырымдылық көрсетілді.

Байзақ ауданы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: