Айлардың сұлтаны болған қасиеттi Рамазан айымен қимай қоштасатын сәтте келіп жетті. Ораза айы – құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк айы болса, осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын ораза айт мейрамы – жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі.
Ораза айт мейрамы – күллі мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. Бұл күнді халқымыз бір-бірінің үйіне «Айт құтты болсын!» айта барып, амандық-саулық сұрасып, өкпе-реніші болса кешіріп, бір-біріне сыйлық беріп, айттап өткізетін болған. Мейірімділік айы атанған рамазан аяқталған соң да жомарттық пен қайырымдылықты тура осы күні арттыра түсіп, ораза айт мейрамын ұйымшылдықпен атап өткен.
Осы үрдісті жалғастыру мақсатында «Әзрет Әли» мешіті ораза айт мейрамы қарсаңында Рамазан айында ауызашар шараларына белсене қатысқан ғибадат үйінің 20-ға жуық шәкіртеріне дастархан жайды. Арнайы аталған шара үшін тоқты сойылып, сырбаз жасалды. Ақ дастархан үстінде мешіттің бас имамы Бекболат Мыңбаев ораза айт мейрамымен құттықтап, ғибратты уағыз айтты. Алланың үйінде бас қосқан жамағат құшақ жайып, бауырмалдық танытып, дұға-тілек жасасты. Бата беріліп, дін өкілдері ел мен жердің амандығын сұрап, Жаратқанға жалбарынды.
Орынбасаров Жалғас
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университетінің 2 курс студенті