Құран – тілмен оқылатын, жүрекпен қабылданатын, құлақпен тыңдалатын иләһи кітап. Онымен байланыста болу – ең абзал ғибадаттардың бірі әрі Аллаға жақындаудың бір жолы.
Алла Тағала Құран Кәрім туралы былай деді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) егер бұл Құранды бір тауға түсіргенімізде, оның Алладан үрейленіп быт-шыт болғанын көрер едің. Ал, мұндай мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» («Хашыр» сүресі, 20-21 аяттар).
Сондай-ақ, қасиетті Құран жайлы сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Құран сондай бір кітап – оның ішінде сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда шығарылатын үкімдер бар. Ол – ешбір әзілі жоқ төреші кітап. Оны менсінбей тәрк еткендерді Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан тура жол іздегендерді адастырады. Өйткені, ол – Алланың мықты арқаны һәм хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды. Көп оқылғаннан ол ескірмейді, ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде, «Шындығында, біз аса ғажап Құран естідік» деп таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».
Мың айдан қайырлы Рамазан айы төрлете сала «Һибатулла Тарази» мешіті Құранды қатым ете бастады. Қатымды арнайы келген қарилар мен аталмыш мешіттің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев жүргізген болатын. Рамазан айы аяқталып, соңғы күнінде қатым дұғасы бағышталды. Алла үйіне жиналған жамағат мұсылман үмбеті үшін, қазақ елі үшін қол жайып, дұға етті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.