Мереке мерейін мейірім өсіреді

Мереке мерейін мейірім өсіреді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исламның ұраны – айт намазын оқу деп жаздың аптап ыстығына сабыр еткен мұсылман баласы кеше таңертең мешітке бағыт алған. Айлардың төресі, адамзат үшін қасиетті Рамазан айы аяқталып, аудан орталығындағы «Бәйдібек» мешітінде ораза айт мерекесі айт намазын оқумен басталды. Ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлымен бірге ғибадат еткен жамағат айт мерекесі оразадан кейінгі Алла Тағаланың құлдарына берген дүниедегі сыйлығы екенін тағы бір сезінді.

Сәулелі сәтте Алланың имандыққа ұйытар жердегі үйіне келген аудан әкімі Мәден Мұсаев мешіт ішінде ең ізгі тілек-ниетін білдірді. Бұл мерекенің мерейін мейірім мен қайырымдылық, татулық пен бірлік өсіретінін айтқан Мәден Тоқтарбайұлы: «Қасиетті Рамазан айынан кейін келген мүбәрак ораза айт мерекесі халыққа қуаныш сыйласын, Алла асыл дінімізге қуат берсін,» – деді сөзінде.

Иә, үш күн тойланатын айт мерекесінде игілікті істер, қайырлы амалдар орындалып, көмекке зәру жандарға қамқорлық көрсетуге деген ізгі ниет пен ынта-ықылас арта түседі. Адамдар арасында өзара сыйластық пен келісім, бауырмалдылық пен кішіпейілділік, кешірімділік пен сүйіспеншілік сияқты биік құндылықтарды қастерлейтін күндерді періште көңілмен, жылы жүрекпен өткізгеніміз абзал болар. Мереке күндері барша адамға бауырым деп мейіріммен қарап, сырқат кісілердің көңілін сұрау, мұқтаж жандарға қарайласу сауапты іс саналмақ.

«Айтта айтылған ақжарма тілектер Аллаға жетіп, қайырымен бақ бұйырсын, ниет қабыл болсын,» – дейді жұрт.

С. БЕРТАЙҰЛЫ.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: