«Қасиеті мың айдан артық» қадір түні ұлықталды

«Қасиеті мың айдан артық» қадір түні ұлықталды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала айлар арасынан – Рамазанды, күндер арасынан – жұманы, ал түндер арасынан – Қадір түнін артық еткен. Қасиетті Құран Кәрім түсіріле бастаған қадір түні үстіміздегі жылы шілде айының 13-інен 14-не қараған түніне сәйкес келіп, аудан орталығындағы “Байзақ баба” мешітінде аталмыш түнді ұлықтаған жамағатта шек болмады. Қадір түнін қастерлейтін облыстық мәслихаттың депутаты, “Химпромонтаж” акционерлік қоғамының президенті Оразалы Телеуов биыл да өзінің жомарттығын танытып, ауызашар берді.

Қадір түнінің құрметіне жайылған ауызашарға аудан әкімі М. Шүкеев, аудандық мәслихаттың хатшысы Н. Үкібаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Дастархан басында ”Байзақ баба” мешітінің бас имамы Рәмиз қажы Құран оқыды. Ораза тұтқан жамағат ауыз ашқан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Шәметов бата берді. Дастархан басында иманды күшейтіп, азаматтарды қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаждарға қол ұшын беруге, ынтымағымызды нығайтып, Аллаға деген құлшылықты нығайтатын қасиетті ай, ауыз бекітудің сауабы, мүбәрак айда Аллаға ұнамды әрбір қайырымды істің сауабы еселеніп жазылатындығы туралы айтылды. «Тарауық» намазы оқылып біткен соң, Хазірет қари Құранның соңғы сүресі қатым етіліп, Құран қатымның дұғасын жасалды.

«Кімде кім қадір түнін шынайы ықыласпен, сауабын үміт ете отырып күзетсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисін алдыға тарта отырып, уағызын бастаған «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Сержан қажы қадір түнінің «қадір» деп аталуының себебіне, ғалымдардың пікірлеріне, қадір түнінің белгісіз болуының даналығына, Рамазан айының соңғы он күндіктегі құлшылықтары, яғни, “Қадір” сүресінің әрбір аятына түсінік бере отырып, аталмыш түннің маңызы мен қадір түні жасалған ғибадаттың мың айға, яғни, сексен үш жылға тең болатындығы туралы тағылымды уағыз айтты.

«Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді» деп пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай, қасиетті түні бас имам Р. Азизов тұрмысы төмен көп балалы 15 отбасына азық-түлік өнімдерін табыс етті. Осындай көмек алған көп балалы Мұңлық анамыз қайырымдылық танытып жатқан иманды азаматтарға алғысын айта келіп, ”Бұдан 7-8 жыл бұрын қайырымдылық шаралар өте сирек өтетін еді. Жас болса да Рәмиз баламыз жоқтан барды ұқсатып, халықты имандылыққа шақырып, бірлікке ұйытуда біраз еңбек сіңіріп келеді. Жыл сайын көрсетілетін көмектер көңілге қуаныш сыйлауда. Әсіресе өсіп келе жатқан жас жеткіншектер Құран сүрелерін жатқа айтудан, мәнерлеп оқудан жарысқа қатысып, ислам діні туралы жан-жақты білім алуда. Жүрегінде иманы бар, жамағатпен бітеқайнасып жұмыс жасайтын осындай имамдарымыз көп болсын, – деп  аналық батасын берді. Бұдан соң жамағат сұрақ-жауап сайысына ерлермен бірге әйелдер қауымы белсене қатысты. Бас имам Рәмиз қажы намаз, дәрет, Ханафи мәзбахын қамтыған сауалдарға дұрыс жауап берген жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бас жүлдеге ұсынылған кілемді қанжығасына байлағандардың қуанышында шек болмады. Білімдерімен дараланған балаларға тәттіден, сыйлықтардан молынан берілді.

Бір үйдің баласындай Аллаға барынша құлшылық жасап, қадір түнінің қадір-қасиетін жүректерімен сезінген жамағат тахажуд намазын оқыды. Осылайша сәресі уақытысы келгенде 200 адамға алғаш рет сәресі де берілді.

Қайырымдылық-сауапты іс. пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: “Адам баласы дүние салған соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: садақа жария, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салихалы перзент” деген. Сауабы үзілмейтін амал садақа жария болса, ол қайырымдылық ретінде көпшілік үшін жасалған қайырлы іс, медресе, мектеп салу, емхана, балабақша тұрғызу, көпір салу, құдық қаздырып, су шығару, жол салу, бір сөзбен айтқанда халықтың игілігі үшін жасалатын игі істер. Рамазан айында жалпы 117 адамға көмек көрсетіліп, қамкөңіл қарттар мен жетім-жесірлерге көңіл бөлінді. Көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Мәселен, өткен сенбі күні жаны жомарт азаматтармен бірлесіп, “Байзақ баба” мешітінің қызметкерлері 45 отбасына азық-түлік өнімдерімен қатар ақшалай көмек беріп, ауылдың қадірменді қарияларына арнайы дастархан жайып, құрмет көрсетті. 18 ауылдық округтегі имандылық үйлерінде ауызашарлар ұйымдастырылып, көмекке зәру, көп балалы отбасылар мен жетім-жесірлерге, жалғыз ілікті қарияларға қайырымдылық көрсетілді.

Жалпы мың түннен қайырлы бұл түнде Раббымыз өзінің шексіз мейірімімен күнәһар пендесінің бар айыбын жуып-шаятын айлардың сұлтаны Рамазанды, оның ішінде құлшылығы мен тәубесін арттырсын деп қадір түнін сыйға тартқан екен. Осыны қадір түнінде жете түйсінген жамағат ауызашар берген атпал азаматқа алғыстарын айтып, таң намазын оқып, тарқасты.

 Байзақ ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: