Қасиетті айдың шапағаты

Қасиетті айдың шапағаты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Рамазан айы – мың айдан қадірлі Қадір түні бар қасиетті ай. Осы қадірлі түнде Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық жүктеліп, ақиқатты жалғаннан, жақсыны жаманнан, сауапты күнәдан ажыратушы қасиетті Құранның алғашқы аяттары түсіріле бастағаны баршамызға аян.

Қадір түнінің ұлықтығын тереңірек ұғыну үшін аудан орталығындағы «Бәйдібек» мешітіне жамағат көп жиналды. Үлкен де, кіші де, ер де, әйел де, қызметкер де, жұмысшы да осында болды. Бәрінің тілегені тек жақсылық еді.

Ауданымыздың бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков шариғат айтып, көпшілік көңілін имандылық нұрымен нұрландырды. Батагөй қариялар «Алла Тағала баршамызға қадір түнін құтты мүбәрак етіп, елімізге тыныштық, ислам дінінің өркендеуіне нәсіп еткей!» деп бата берген. Осы қадір түнінен балалар мен жасөспірімдер тағылым алғаны анық.

Балалар мен жасөспірімдер демекші, қасиетті Рамазан айының құрметіне қадір түнін қарсы алар күннің бесін мезгілінен ауызашар уақытына дейін «Бәйдібек» мешітінде Құран оқудан ауданаралық байқау өтті. Байқауға 35 үміткер қатысты.

Әрине, әрбір мұсылман баласына Құран оқу парыз болып саналады. Десек те, осы байқауға қатысушылардың Құран оқудағы ынта-ықыластары ерекше көрінді. Жатқа әрі мақамымен келтіре айтқанда еріксіз тәнті боласың.

Байқаудың аты – байқау. Қазылық еткен ауданның бас имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы мен Құттыбай қари Мырзабековтың ұйғарымы бойынша 10 сүрені жатқа айтқан Асалық өрен Мұхаммед Танысбай бірінші орыннан көрініп, қанжығасына газ плитасын байласа, екінші орынды қала маңындағы ауылдың жас тұрғыны Байрам Абузаров иеленген. Үшінші орыннан Шоқайлық жасөспірім Нұртілеу Сүйінбек көрінді. Ал, бір пара оқығандар арасынан «Отау-ТВ» антеннасын иеленген Аса ауылының дарынды ұланы Дарын Арынғазы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Құмтүйіндік өрен Бақытжан Әзімбай иеленсе, үшінші орыннан Асалық Бақытжан Ырыскелді көрінді.

Бұл байқауда Жалпақтөбелік балалар мен жасөспірімдер ерекше көзге түсті. Бес және он пара оқығандардың ішінде алты жасар Абдукәрім Каримовтың Құранды мүдірмей оқуы оның болашағынан көп үміт күттірген. Сол Кәрім жерлестерінен озық шығып, бас бәйгеге қойылған заманауи үлгідегі үлкен теледидарды еншіледі. Абдукаримнің жерлестері Али-Мұхамед Ибрагимов екінші орыннан көрінсе, үшінші орынды Илихан Абдуалиев місе тұтты.

Екінші, үшінші орындардан көрінгендер дипломмен қоса ұялы телефон, пайғамбарыз (с.ғ.с.) туралы кітаптарды еншілесе, байқауға қатысқан өзгелерге жайнамаз салынған сыйқалта ұсынылды.

Имандылық жолында барын сарп етіп, демеушілік көрсете білетін қайырымды жан, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-нің директоры Мырзабай Бекназаров жиналған жамағатқа ауызашар берді.

Кез келген құлшылықтың басында ниет тұрады. Ниеті түзу жанның қашанда тілеуі қабыл бола бермек. Біз Рамазан айының құрметіне арналған Құран оқу байқауынан да, қадірлі қадір түнінен де осыны сезіндік.

 Дүйсенбек Орманов,

журналист.

Жамбыл ауданы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: