Рамазан барша мұсылман атаулы әр жылы сағына күтіп, қимай қоштасатын, қасиетті Құран кәрімнің асыл аяттары түскен ай.
Рамазан айындағы ауызашыр мен сәресінің берекесі тілмен айтып жеткізгісіз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар. Олар: ораза бекітушінің ауыз ашқандағы қуанышы болса, екіншісі, ақыреттегі Алланың беретін сыйы». Мұсылман қауымының Рамазан айында жасаған әрбір жақсы амалдарының сауабы еселеніп жазылады. Ал қадір түнінде жасалған ізгі амалдар, мың айдан да артық еселеніп жазылады. Мың айдың жүзін көру, әр бір адамға нәсіп ете бермейді. Бұл айда жасалған қайырымдылықтың да сауабы өте мол.
Қадір түнінің қарсаңында Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінде, бас имам Аят Дыбысұлы Алмахановтың ұйымдастыруымен, қайырымды мұсылман бауырларымыздың демеушілігімен, жағдайы төмен, жалғызбасты аналарға , көпбалалы аналарға, мүгедек жандарға заттай және қаржылай қайырымдылық жасалды. Атап айтатын болсақ, 25 кг ұн, 5 кг күріш, 500 гр қорап шәй, 5 кг макарон, 5 лт май және әр отбасына 2500 теңгеден ақшалай жәрдем берілді. Жалпы құны 350 000 теңгені құрады. Ауыз ашар уақытында 200 адамға ауызашыр және 200 адамға сәресі берілді.
Тараз қаласында орналасқан 26 мешіт өз деңгейінде қадір түнін атап өтті. Соның ішінде «Әулие ата», «Бегалы ата», «Давруш ата», «Асым ата», мешіттерінде хатым Құран аяқталып, батасы берілді. қадір түніне «Әулие ата» мешітіне келген жамағатқа Тараз қаласының бас имамы Аят Алмаханов Рамазан айының артықшылығы, қадір түнінің қасиеті жайлы уағыз айтты. Мешітімізге келген жастар арасында сұрақ-жауап қойылып, сұрақтарға дұрыс жауап берген жасқа арнайы сыйлықтар берілді. Барша жамағат таң намазын оқып, дұға тілек айтып тарқасты. Қасиетті қадір түні елімізге құт береке дарытып, жасаған дұға тілектерімізді қабыл еткей!
«Әулие-ата» мешіті