Қасиетті Құран Кәрімде «Мың айдан да қайырлы» деп дәріптелген қадір түні – исі мұсылманның сағына күтер сәті. Бұл түнгі құлшылықтың сексен үш жылға тең келетінін білмейтін мұсылман кемде-кем болар... Сол үшін де жылына бір-ақ берілетін ұлы мүмкіндікті мұсылман қауымы құр жіберіп алмай, қапысыз дайындықпен өткізуге тырысады. Алланың үйі мешітте бас қосып, алақан жайып, Алладан дұға тілейді. Маңдайын сәждеге тигізіп, таң рауандап атқанша құлшылығын жалғастырады.
«Әзрет Әли» мешітіне бұл түні келушілер көп болды. Жиылған жамағат аптап ыстықта қиналмауы үшін тарауих намазы мен қадір түнінің құлшылықтары мешіт сыртында өткізілді.
Тарауық намазынан кейін сөз сөйлеген мешіттің бас имамы Бекболат Мыңбаев жиналған қауымды арнайы осы түн үшін дайындалған мешіттегі іс-шаралармен таныстырып, қадір түнінің қасиетін баяндап, елге ерекше өтімді уағыз айтты. Бұдан басқа көпшілікпен сұрақ-жауап түрінде ойын ойналып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында жамағатпен намаз оқылып, дұға жасалып, жиналған жамағатқа сәресі берілді.
Таң рауандап атқанша жалғасқан мешіттегі уағыз-насихатты тыңдап, құлшылыққа ден қойған мұсылман қауымы бұл түні егеменді еліміз бен кең байтақ жеріміздің амандығын тілеп, бейбітшілігіміздің баянды болуын сұрады.
Орынбасаров Жалғас
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университетінің 2 курс студенті