Шілденің 13-нен 14-не қараған түні Т. Рысқұлов ауданы «Сұлтан орталық» мешітінде қадір түні ерекше аталып өтті. Қадір түнінің қадірін білген халық мешіт бөлмелеріне лық толды. Күнделікті тарауық намазы оқылған соң бас имам Сұлтаншәріп қажы қадір түнінің қасиеттілігі жөнінде және Аллаға деген құлшылықтың адам баласын бақытты ететіні жайлы уағыз-насихат айтып, барлық халықтың қадір түніндегі тілек-дұғалары қабыл болуын сұрап, дұға етті.
Сондан соң жаппай жамағатпен қадір түнінің құрметіне 12-ракат намазы оқылды. Алдын-ала дайындалған жоспар бойынша 20 минуттай халыққа еркін құлшылыққа уақыт берілді. 15 минуттай Құран Кәрім қырағатталып, дұға жасалды. Сондай-ақ, наиб имам Фархат Шералиев қадір түнін ұйықтамай қарсы алудың сауабы туралы уағыз-насихат айтты. Сәресі уақыты келгенде «Шаңырақ» асханасында жайылған дастарханда ораза тұтқан жандар сәресін ішіп, барлығы жамағат болып таң намазын оқып, үй-үйлеріне тарқасты.
Әбілда Мейірханов әскери зейнеткер