Үмметтің асыға күткен құт айы Рамазан да өзінің соңғы күндерін өткізіп, қасиетті мол қадір түніне жеттік. Алла Тағала оны берекелі етті. Бұл айда Құран түсіп, басқа түндерден ерекшеленген. Алла Тағала мың айдан артық қылған қадір түнін Қордай жұртшылығы ынтыға күтіп, қарсы алды. Рамазанда ай бойы үзілмеген ауызашарлар да қадір түнінде жомарт бауырларымыздың себебінен өз жалғасын тауып, қадір түнінде де ауызашар берілді. Құптан намазына мешітімізге келген жамағат мешіт сыртын да толықтырды. Алғашқы сөзінде Қордай ауданының бас имамы Ә. Шалбай қадір түнімен құттықтап, қадір түнінің қасиеті жайлы тартымды уағыз айтып, жамағат тарауих намазына сапқа тұрды. Бұл қасиетті түнде Рамазан айы бойы түсірілген толық Құран хатымы аяқталып, хатым дұғасы жасалынды. Тарауих намазы арасында аудандық «Қордай» мешітінің имамдары дайындаған сұрақ-жауап айдары жүргізілді. Бас жүлдеге Құран Кәрім тәпсірі және 20 000 теңге, екінші күрделі сұраққа жауап бергенге үлкен кілем, Алла елшісінің (с.ғ.с) өмірбаяны жайлы кітап сияқты сыйлықтар табысталды. Үлкен-кіші болып білім сайысына жамағат белсене қатысты. Мешіт имамдары кешті өзінің уағыздарымен безендіріп жалғастыра кетті. Дін жанашырларының демеушілігімен асханада жиналған жамағатқа сәресі дастарханы жайылып, бауырларымыз ауыздарын бекітіп, келесі күннің оразасына ниет етті.
Жиналған қауымның сөзіне жүгінсек бұл түн ерекше түн, рухани кемелдену түні, мұсылмандық бауырмашылдықты нығайтатын түн, иман деңгейінің көтерілуіне үлкен септігін тигізген түн болды деп разылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Таң намазы оқылып, дұға жасалып, жамағат үйлеріне тарқасты. Раббымыз осындай ұлық күнде жасалған ғибадат құлшылықтарымызды, дұғаларымызды қабыл еткей!
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі