Оразадан байғазы, қадір түнінен қайырым

Оразадан байғазы, қадір түнінен қайырым

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мың айдан да қайырлы қадір түні қарсаңында дәстүрлі қайырымдылық науқаны өтті. «Һибатулла Тарази» мешіті кәсіпкерлердің демеулігімен 100 отбасыға көмек көрсетті. Іс-шарада көпбалалы, жалғызбасты, әлеуметтік жағдайы төмен, зағиб жандарға азық-түлік (ұн, қант, күріш, макарон, шәй, ас майы, т.б) таратылды.

«Мұқтаж адамдарға немқұрайлы қарамайтын кәсіпкерлерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Қадір түні қарсаңында атқарылып отырған қайырымдылықты дамытудың баға жетпес үлесі, қоғамға елеулі көмек болатыны айдан анық. Өткен жылы 50 отбасыға жәрдем жасалса, осы жылы 100 жанұя қамтылып отыр. Алланың қалауымен болашақта бұдан да көп жанұяларға қайырымдылық жасалады деген үміттеміз, – дейді ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қажы Жұмабаев.

Имам Тирмизи риуаят еткен бір хадисте Алла Елшісі (Оған Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Шынында, садақа Алла азабының жалынын өшіріп, жаман өлімнен сақтайды», – дейді.

Сауапты амалдардың алдынғы қатарында садақаның тұрғаны талассыз шындық. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп білген бабаларымыздың осындай орамды оймен өрілген өнегелі сөздері, жылағанды жұбатып, жетімге пана болар жайсаңдығы, жомарттығы жүрегімізден жол тапса, жәннаттың қақпасы қарсы алдымыздан айқара ашылар.

Қабиса ибн Бурда әл-Әсади былай жеткізеді: Мен Расулуллаһтың (Оған Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын!) жанында болғанымда, Ол кісі (Оған Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Бұл дүниеде ізгі-жақсылықтар иесі – ақыретте де сол ізгі-жақсылықтардың иесі. Ал, бұл дүниеде күнә, жамандықтардың иесі – ақыретте де сол күнә-жамандықтардың иесі», – деді. (имам әл-Бұхари).

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: