Қасиетті Рамазан айында Жуалы ауданы «Нұрлыкент» ауылының ауылдық кітапханасының ғимаратында «Самұрық» ЖҚБ жастар орталығының бастамасымен аталмыш тақырыпта ауыл жұртшылығымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Самұрық» ЖҚБ жастар орталығының қызметкері Болат Тоғызбек, «Самұрық» пікір сайыс клубының жүлдегері, мектеп оқушысы Үміт Мадиярбек, Нұрлыкент ауылдық округінің әкімінің орынбасары Аярбек Аханбекұлы Кебеев, Жуалы ауданының бас имамы Алмас Рысханұлы Кенжемолдаев, ауылдық аурухананың бас дәрігері Данира Усманова, ауыл жастар ісінің нұсқаушысы Дәнекер Түлкібаев, т.б ауыл азаматтары қатысты.
Жиынның негізгі қарары имандылық тақырыбында өрбіді. Еліміздегі жастар саясатының бағыты тілге тиек болып, жастардың рухани тұрғыда кемелденуі тек имандылықта екенділігі, дінді дұрыс түсіндіре білсек әлемде тек саясаттың қолшоқпары болып отырған кейбір жат ағымдардың ықпалына жастардың түспейтіндігі, сондай-ақ, рухани күйзелуден өмір құндылығын бағалай алмағандықтан орын алып жатқан жастар арасындағы суицид оқиғалары иман кемістігі екенділігі әңгімеге тартылды.
Жан-жақты пікірлердің ортақ тоқтамы «Дінге артылса сенімің - имандылық болар серігің» деген пікірмен қорытындыланды.
Жамбыл облысы
Жуалы ауданы