Рамазан қайырым мен қамқорлық айы. Адам нәпсі тәуелділігінен Аллаға құлшылық етуге құштарлық танытатын ай. Таң атқаннан күн батқанға дейін нәпсі бұғатынан босап, Аллаға жан тәнімен құлшылық етіп жүрген мұсылмандар осы айдың мүмкіншілігін барынша пайдаланып қалуға тырысады. Әсіресе, Құранда сенімде шынайылықтың белгісі болып есептелетін садақа, қайырым жасау тұрғысында мүміндер жарысқа түсіп жатады. Аудан имамы Алмас Рысханұлы Кенжемолдаевтың ұйытқы болуымен мешіт жамағаты ҚМДБ-ның атынан аталмыш тақырыпта қайырымдылық науқанын ұйымдастырды. Рамазан айының әуелгі күндері аудандағы тұрмыс жағдайы нашар тұратын отбасылар жайында тізім жасалды. Қажеттілігі мен мұқтаждықтарын саралай келе қайырымдылықтың жобасы жасалды. Мешіт жамағаты мен аудан кәсіпкерлері бір жағадан қол шығарып осы қайырымдылыққа өз үлесін қосты. Игілік шарасы азық-түлік түрінде жұмсалды. Бір апта көлемінде 30 қап ұн, 9 қап шекер,70 литр сұйық май, 80 кг макарон, чабрец, 70 кг күріш, 80кг картоп, тұз, шай, т.б қажеттіліктер жиналды. Азық-түліктер теңдей бөлініп, тұрмысы төмен отызға жуық отбасылардың үйлеріне жеке-жеке таратылды. Олар ақ баталарын беріп, қайырымды жандардың ақысына өз алғыстарын білдірді. Рамазан құрметіне атқарылып жатқан осы игі шаралар әлі де жалғасын таппақ.
Жамбыл облысы
Жуалы ауданы