Жуалы аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұйымдастырылған сайыс негізінде женімпаз атанған «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің жұмыс жоспары бойынша Қарасаз ауылдық округінің «Қарасаз» ауылында ауыл әкімшілігінің ғимаратында аталмыш тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ауыл әкімшілігінің қызметкерлері, мұғалімдер, ішкі саясат бөлімінің мамандары, ауыл қариялары және ауыл жастары қатысты. «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ауыл ақсақалы Аманжол Дүрәліұлы жеке атқарған жылдық жұмыстарымен таныстыра келе ел ынтымағымен бірлікке шақыратын аталық сөздерден мысалдар келтірді. Исі мұсылманға исламға жат, бірақ исламға кірме болып қосылған соңғы кездегі түпкі мақсаты бір тек ел ішін бүлдіріп жүреуді мақсат ететін бірқатар радикалды ағымдардың түсін түстеп берді. Дін тақырыбында кеңінен тоқталу үшін аудан имамы Алмас Рысханұлы жамағатқа уағыз жүргізді. Жат ағымдарға қарсы ҚМДБ-ның соңғы кезеңде атқарып жатқан ауқымды іс-шараларын тілге тиек етіп: «Дінбасымыз айтқандай, ағым ол тасқын сел сияқты ағады да өтеді. Бүлдіреді, алайда тұрақты құндылықтарды соңынан мирас етіп қалдыра алмайды. Бүгінгі ағымдардың ислам атын жамылып атқарып жатқан іс әрекеттері тарихта болған дүниелер. Тек тарихтағы сол қисық түсініктер қайта айналып келіп отыр. Оны ислам қайнарына сүйенген білім арқылы және ауызбіршілік, ынтымақ арқылы жеңіп шығуымыз қажет. Ағымдарды жеңу терең білім толассыз насихаттар арқылы жүзеге асады,» –деп қорытындылады.
Сондай-ақ, ауыл имамы Асқар Назарбеков ҚМДБ-ның тапсырмасы негізінде ауылда атқарылып жатқан теріс ағымға қарсы жұмыстарын тізбектеп шықты. Ауыл ақсақалы Рысбек қария ауыл молдасын қолдап, өз пікірлерін білдірді. Ауыл әкімі Қазыбек Бейсенқұлов мырза Елбасының саясаты, ауыл әкімшілігінің атқарған жұмыстары сыды тағы басқа мәселелер турасында сөз етті. Қатысушылармен пікір алмасып, сұрақ-жауаппен ой толықты.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы.