Ұстаздық – жауапкершілігі зор, қадірлі мамандық болғандықтан, Ислам дінінде осы қадірлі мамандықтың иесіне бірқатар талаптар да қойылған. Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету - ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), – деп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» (Хайсами, М. Зәуәид, Илм, 1/129, 30). «Надандардың арасындағы ғалым – өлілердің арасындағы тірі секілді» (Кәшфул-хафа, әл-Ажлуни). «Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету» (Тирмизи, Илм, 7) дейді.
«Ұстаз» деген кім? Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.
Осындай ұстаздық қызметпен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Әл-Азһар университеті арасындағы келісім-шартқа сай Юнус Хусейн Юнус Субхи 2013 жылы қараша айының 4 жұлдызында «Һибатулла Тарази» медресесіне миссионер болып жолданған. Оның туған жері Мысырдың Александрия қаласы. Шейх Юнус Хусейн медресе қабырғасында 3 жыл бойы шәкірттермен бірге тұрып, Құран Кәрім, тәжірибиелік араб тілі сынды басқа да пәндерден сабақ берді. Апта сайын мешіт жамағатына уағыз-насихат жүргізіп, ғаламтор беттеріне шығып тұрды.
Бүгін де келісім-шарт уақыты аяқталып, қари өз еліне қайтқалы отыр. Қасиетті жұма күні жамағатпен бірге «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев медресе атынан алғыс грамотасын табыстап, шапан жапты.
Көне Тараз шаһарына сіңісіп кеткен ұстаз қимастан қош айтып, алғысын білдірді.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» (Абай) демекші, әрі хафиз, әрі ғалым ұстазға шын жүректен Алла разылығын тілейміз!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.