Аудан әкімі ауызашар берді

Аудан әкімі ауызашар берді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Мұсылман қауымы үшін ұлық та қасиетті Рамазан айы игі істерммен күндерін парақтауда. Оның алдында ғана Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті V съезі өткен. Съезд жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Осылайша, еліміз күллі Әлем діндерінің арнасын өзара ынтымақтастық пен сеніммен бір-біріне деген құрметке бұруына әрдайым мүдделі де ұйтқы болып келе жатқанын дүние жүзіне паш етті. Бұл тұрғыда Қазақстанның рөлі туралы съезде сөйлеген дін қайраткерлері де атап көрсетіп, лайықты бағасын берді. Осынау айтулы оқиғадан соң басталған Рамазан айы да шуағын шаша келді. Бұл ай халқымыз үшін әуелден қасиетті ай, бірлік пен қайырымдылық айы. Рамазан айына байланысты халыққа үндеуінде бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да айтып өтті. Мұсылман қауымын оразаның басталуымен құттықтай келіп, ол жамағатты бұл айда сауапты амалдар, қайырымдылық шаралар ұйымдастыруға шақырды. Міне, таяуда аудан әкімі Батырбек Құлекеев те қасиетті айды ұлықтап, жылдағы дәстүрмен ауызашар берді. Оған барлық ауылдардан қадірменді қариялары, ауыл ағалары шақырылды.

   Ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев аруақтарға бағыштап құран оқыды. Бұдан соң аудан әкімі Батырбек Құлекеев сөз сөйлеп, жиналған қауымды Рамазан айымен құттықтады.

   -Баршаңызға ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын демекпін, – деді ол. – Біздің Жуалы жерінде қашаннан бірлігі мен тірлігі жарасқан қанағатшыл халық тұрады. Олар әрдайым Елбасы саясатын сөзімен де, ісімен де қолдап, түрлі ұлт өкілдерімен тіл тауып, бір атаның баласындай ортақ мақсатқа еңбек етуде, жерімізді, елімізді көркейтуге үлес қосуда. Еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін.

   Ауызашар барысында қадірменді қария Сейітқұл Исмаилов, еңбек ардагері, Жуалы ауданының құрметті азаматы Естемес Аманбеков, ардагер ұстаз Сайлаубек Оразбаев жылы лебізін білдіріп, аудан басшыларына өздеріне деген құрметі үшін алғыс айтты.

М.Мәтенов

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: