Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылындағы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизов ата дініміз-ислам дінінің құндылықтарын жамағат бойына сіңіруде ерен еңбек сіңіріп келеді. Бас имамның ұйытқы болуымен жыл сайын діни мерекелер соның ішінде Мәуліт, Қадыр түні, Құрбан айт мерекелері жоғары деңгейде асқан ұйымшылдықпен өтуде. Іздемпаз, өз білімін әрдайым жетілдіріп отыратын Рамиз қажы жаспын демей, әрдайым игілікті істердің басында жүреді. Оның ұйымдастыруымен жыл бойы аудан орталығы мен 18 ауылдық округтерде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар мен жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға азық-түлік өнімдерімен қатар қыстық сырт киім және аяқ киімдер табыс етіліп отырады.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы 2014 жылды «Дін мен дәстүр» деп жариялаған болатын. Осыған орай өскелең ұрпақты дәстүрді сақтап, тағылымды өмір сүруге, отанды сүюге, тарихтан сабақ алуға, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге бағытталған шаралар көптеп өткізілуде. Мәселен 2014 және 2015 жылдары өткізілген Мәуліт мерекесінде жамағат арасында ұлттық ойындар: асық ату, қазақша күрес, ат үстінде күрестен жарыстар өткерілді.
Өзіне де өзгеге де қатаң талап қоя білетін Рамиз қажы аудан, облыс аумағында өтетін мәдени шараларға белсене қатысады. Аудан орталығындағы «Байзақ баба» мешіті мен ауылдық округтердегі 25 мешітте Құран сүрелерін мәнерлеп оқудан жарыс, Құран сүрелерін жатқа оқудан дәрістер өткізіліп тұрады. Рамиздің тынымсыз еңбегінің арқасында Қазақстан мұсылмандарының діни танымдық газеті «Ислам және Өркениет» газеті мен «Иман» журналына жазылушылар қатары ауданымызда көбейіп, күн санап өсіп келеді.
Өскелең жастардың бойында ислам дініне деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыру, дінаралық татулықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз қажы Азизов Жамбыл облысы әкімі К. Көкірекбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінгі басты міндет – тәуелсіздікті, ел бірлігі мен татулығын сақтау. Осы бағытта имандылық ордалары мен аудандағы білім ошақтарында, мекеме, кәсіпорындарда өткізіліп тұрған тағылымы мол семинар, кездесулер, дөңгелек үстелдерге «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз қажы қатысып, өзінің орамды пікірімен бөлісіп отырады.
Ержан Әбдібекұлы,
Жүргізуші. Сарыкемер ауылы.