Қасиетті Рамазан айы мұсылман жамағаты үшін Хақ Тағаланың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Бұл айда ораза ұстаған жан мен оған ауызашар берген адамның сауабы еселеніп жазылады. Бүгін де мешітке келіп, күні бойы Алла разылығы үшін ауыз бекітіп, жүрген жамағатымызға ауызашар ұйымдастырып жүрген бауырларымыз Аллаға шүкір баршылық. Осындай игі шара аудандық «Қордай» мешітінің ұйымдастыруымен және Омаровтар әулетінің демеушілігімен аудан орталығындағы «Тамаша» мейрамханасында орын алды. Ұйымдастырылған ауызашарға мешіт жамағаты, кәсіпкерлер, мұғалімдер, ауыл ақсақалдары жалпы саны 350 адам қатысты. Мерекелік дастарханды облысымыздың тумасы, ақын ағамыз Серік Қалиев басқарды. Алғы сөз аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Дәуренбек Жандосұлына берілді. Наиб имам ауыз бекіткендерге Ораза айының жақсылығын, қайырлығын тіледі. Рамазан айы Алла Тағаланың мейірім нұры жауатын, сабырлыққа шақыратын кешірім ай екеніне кеңінен тоқталып, имандылық, ораза ұстаудың маңызы мен мәні жайлы насихат айтты. Мерекелік дастарханның мерейлі қонағы болған ислами-ағартушылық «Асыл арна» теларнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков Рамазан жайлы әсерлі уағыз айтып, ойымен бөлісті. Құран оқылып, ақсақалдар өз ақ батасын берді. Ұйымдастырылған игі шараға дән риза болған жамағат тарауих намазы оқу үшін мешітке бет алды.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі