ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қолға алынған бұл игілікті шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс мезгіліндегі балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалану, оларды діни сауаттылыққа бағыттап, имандылықтың іргетасын қалыптастырып, жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу болып табылады.
Сабақ барысында балдырғандарға Құран әліппесі, имандылық сабақтары, араб тілі секілді тәлімі мол дәрістер үйретіліп, олардың діни ілімдері шыңдалды.
Осы Рамазан айында Талас ауданы Кеңес ауылдық округі Бөлтірік шешен ауылының «Әбу Бакр ата» мешітінде Рамазан айындағы «Балаларға базарлық» атты қайырымдылық шарасының аясында жазғы демалыста мұсылманша сауатын ашу ниетімен дәріс алған балаларға сертификат беріліп, сонымен қатар, 30 балаға Талас ауданының бас имамы Нұрсұлтан Қалдарханұлының ұйымдастыруымен мектепке қажетті құрал саймандар және сөмкелер беріліп, үздік оқыған бір шәкіртке велосипед сыйға тартылды.
Аудандық «Қаратау» мешітінің баспасөз қызметі