Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ел аумағындағы мешіттерге қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру туралы тапсырма жүктеген болатын. Осындай ізгі шаралар аясында Т. Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінде қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Айталық бас имам Сұлтаншәріп қажыДжадраевтың бастамасымен мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлініп, мешіт тарапынан да қолдауын білдірілуде.
Рамазан – игі істерді мейлінше көптеп жасайтын ай. Себебі, бұл айда жасалған әрбір игі іс үшін берілер сауап та көл-көсір. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай» – деген екен. Әрбір мұсылман баласы игілікте теңдесі жоқ бұл айда барынша Ұлы Иесіне жағатын істерде болатыны рас. Қасиетті айдың құрметіне елімізде атқарылып жатқан қаншама қайырымды істердің куәсі болудамыз. Солардың бірі Т. Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Құлан ауылының тұрғыны 1-топ мүгедегі Шыңғыс Бердібековке жүріп-тұру жағдайын жеңілдету үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны сыйға тартты. Мұндай ізет-құрметке риза болған Шыңғыс аға көзіне жас алып Сұлтаншәріп қажыға шексіз алғысын білдірді.
Әбілда Мейірханов әскери зейнеткер Құлан ауылы