Қасиетті Рамазан айының төрлетуімен игі іс-шаралар да тынымсыз орын алуда. Атап айтар болсақ, «Айтқұл баба» мешітінде әйелдер дәретханасы салынды, мешіт ауласына тазалық жүргізіліп, тұмбалар боялды. Құттықтаулар мен мәлімет парақшалары ілініп, жарық жүйелері орнатылды. Алла үйінде қашан да жамағатпен бірге амал етуші имамға арналған жеке кабинет ашылды.
Қазір де балаларға арналған жазғы сауат ашылу лагері жұмыс атқаруда. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла иман келтіргендер мен ілім бергендердің дәрежесін көтереді» демей ме? Курста Құран Кәрім, сира, ғибадат, ахлақ пәндері бойынша сабақтар өтіп жатыр. Аталмыш жазғы сауат ашу лагерінде 10 шақты шәкірт мұсылманша сауатын ашуда. «Һибатулла Тарази» медресесінің шәкірті Қайнар Спамбай алған ілімімен бөлісіп, дәріс беруге ат салысуда.
Сондай-ақ, көздің нұры болған әр намаздан соң уағыздар айтылып, қайырымдылық акциялары жоспарлануда.
Шаттық ҚАМАУБАЕВ,
«Айтқұл баба» мешітінің бас имамы.