Сағына қарсы алатын Рамазан айы көзді ашып-жұмғанша есікті қақты. Жамбыл облысы Жуалы ауданы Түктібай ауылының тұрғындары Рамазан аймен қатар келген қос қуанышымен бөлісті. Аталмыш ауылдың 1978 жылғы жастары мен М. Әуезов атындағы орта мектебінің 1995 жылы тәмәмдаған түлектері ел игілігі үшін 150 кісілік ғимарат құрылысының бой көтеуіне демеушілік етті. 3 000 000 теңге қаражатты осы ғимараттың аяқталуына жұмсады. Мешіт қасында орналасқан бұл ғимаратта ауыл жұртшылығы құдай тамақ беретін. Мәре-сере ел болып оразаны жылда ынтымақпен қарсы алатын жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. «Биыл оразада ауызашарды үй-үйді араламай осы ғимараттың ішінде өткіземіз» – деп жоспарлауда жамағат. Сондай-ақ, мешітте тарауих намазын бірге оқып, уақытымыздың көбісін құлшылыққа арнаймыз дейді ықыласты халық. Осы игіліке ұйытқы болған ауыл молдасы Мұрат Базарбаевқа ауыл ақсақалдары батасын берді. Аудан имамы А. Р. Кенжемолдаев осы іске ат салысып, елге ынтымақ береке тіледі. Рамазан айындағы жасаған жақсы амалдар қабыл болсын деп, тілек білдірді.
Жамбыл облысы , Жуалы ауданы