«Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» («Сәбә» сүресі, 39-аят). Қайырымдылық — көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық— адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді.
Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» («Бақара», 272 аят) деп бұйырған. Қайырымдылықтың дінімізде өзіміз үшін де басқалар үшін де пайдасы бар екенін жеткізеді. Расында дін пайдалы деп бекіткен бұл мейірімділік қоғамға да пайдалы екені айдан анық.
Осындай бір ізгіліктің көрінісі болған «Һибатуллла-Тарази» мешіті мен «Құл Қожа Йассауи білім және парасат» ҚҚ қорының ұйымдастыруымен жылдағы дәстүр бойынша Рамазан айының қарсаңында жасалған іс-шара. Көпбалалы, жалғызбасты, зағип отбасыларға көмек көрсету мақсатында 170 жанұя азық-түлікпен (3 кг май, 2 кг қант, 3 кг ұн, шай, 3 кг күріш, т.б.) қамтамасыз етілді.
Жүректен жүрекке тараған қайырым пен мейірім ізгіліктің нысаны болған шаңырақтардың қуанышына айналды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла-Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.