Мойынқұм ауданы Бірлік ауылы «Желтоқсан» клубында «Нұр Отан» партиясы Бірлік БПҰ және «Бірлік» мешітінің ұйымдастыруымен ауыл жиыны өтті. Жиынға ауыл тұрғындары, «Ақсақалдар кеңесі» төрағасы О. Нұрлыбаев, мектеп директоры Л. Ш. Қалтаева, Оңтай қажы, мешіт имамы Мейрамбек Әбдібеков қатысты.
Жиынды бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Аманғали Құралбекұлы құттықтау сөзімен ашты. Ол ойын Елбасының «Дін – еріккеннің ермегі емес. Дінмен әуестенуге де болмайды. Дін шынайылықты қажет етеді, тазалықты, адалдықты уағыздайды. Дінге берілдің бе – шын беріл! Құдайға табынасың ба – шын табын! Дінге сену – жеткіліксіз. Діннің жайын білу керек, Құдайдың құдіретін түсіну керек. Құрандағы аяттарды жаттап алғаннан ештеңе шықпайды. Дін – өзінің табиғатында, болмысында адамдарды, ұлттар мен ұлыстарды жақындастырудың, ортақ тіл табысудың құралы. Қай дін де адамдарды зорлық-зомбылыққа, алауыздыққа, өшпенділікке үгіттемейді. Керісінше, діннің уағызы – келісім, кешірім, бірлік, ынтымақ, төзімділік, түсіністік,» – деген сөзін жеткізді.
Сөз кезегін алған «Бірлік» мешітінің имамы Мейрамбек Әбдібеков Рамазан айына құттықтау айтты. Ораза ұстаудың шарты мен ауызашар әдебіне тоқталды. Медицинада дәлелденген оразаның 10 түрлі шипасын атап өтті.Олар:
1. Жасушалар жаңарып ескілері жойылады;
2. «Қант» ауруына тосқауыл болады;
3. Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді;
4. Тері ауруларына пайдасы;
5. Тұз байлану ауруына пайдасы;
6. Қан қоюлануың алдын алады;
7. Адам ағзаларын улы заттардан тазартады;
8. Ас қорыту жүйесі дем алады;
9. Жағымсыз тәуелділіктерден арылу;
10. Қан қысымын түсіру мен бас ауруына пайдасы;
«Алла Тағала бізге ораза ұстауға әмір беру арқылы тек ақыретімізді емес, осы дүниеде де деніміз сау болып жүрумізді қалаған екен. Расында бізге Жаратушымыздай мейірімділікті, шапағатты ешкім көрсете алмайды. Ендеше біз ораза ұстау арқылы ақыретімізге азық жинауымызбен қатар осы дүниеде озады екенбіз. Алла ұстаған оразаларыңызды қабыл етсін!» – деп сөзін аяқтады.
Әбдірашев Қанжарбек Рамазан айымен құттықтап, осынау мүбәрак айда түрлі мекеме басшылары мен кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жаратушы иеміздің мейірімін тілеп, азық-түліктің, киім-кешектің, құрылыс заттары мен жанар-жағар майдың, мектеп формасы мен оқулықтарының, демалыс лагерлері мен шипа-жайлардың, мейрамханалар мен асханалардың бағасын түсіріп, жеңілдік жасауға шақырамын. Қасиетті айда Алла тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, дініміз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болайық.
Жиын соңында Оңтай қажы, мектеп директоры Л. Ш. Қалтаева, «Ақсақалдар кеңесінің» төрағасы, ауылдың бас ақсақалы Орынбай Нұрлыбаевтар Рамазан айымен құттықтап, игі тілектерін білдірді.