Міне, асыға күткен Рамазан айына да санаулы күндер қалды. Бұл қасиетті айды өз деңгейінде өткізу мақсатында еліміздегі дін қызметкерлеріне дайындық жұмыстары бойынша біршама тапсырмалар жүктеген бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы сөзін негізге алған Тараз қаласындағы Самал (7) мөлтек ауданында орналасқан «Әзрет Әли» мешітінің ұжымы оразаға қызу дайындалу үстінде.
Ең алдымен Тараз қаласы бойынша ораза ұстау кестесі жасалып, 1000 данаға жуық басылып шығарылды және жамағат пен қала тұрғындарына таратылды. «Тазалық иманның жартысы» деген ұранды ұстанған мешітіміз оразаның алдында мешіт кілемдерін демеушілер көмегімен күрделі химиялық тазалаудан өткізді.
Сонымен қатар мешіт ауласына Рамазан құттықтауы, Қасиетті Құран аяттары мен Алла елшісінің (с.ғ.с) хадистері жазылған баннерлер ілінді.
Бұған қоса тарауық намазы Алла үйінің ауласында өткізілетіні себепті, мешіт төбесіне қосымша жарық құрылғылары (прожектор) орнатылды.
Әрине, қасиетті айға жоспарлаған істеріміз өте көп, Алла Тағала мақсатымызға жеткізгей!
Орынбасаров Жалғас
«Нұр-Мубарак» Нұр-Мүбарак Египет
ислам мәдениеті университетінің 2 курс студенті