Аудандық «Меркі-ата» мешітінде қасиетті Рамазан айының таяп қалуына байланысты елді мекендердегі мешіт имам-молдалардың қатысуымен мәжіліс өтті.
Мешіт имам-молдаларына Рамазан айына қарсы атқарылатын бірқатар жұмыстар тапсырылды. Ауданның бас имамы: «Мешіт ғимараттарына, ауласына жете көңіл бөлу қажет. Мешітін көріп, молдасы қандай екендігін аңғаруға болады. Сол себепті мешіттің іші-сырты айнадай таза болуы керек,» – деп, қызметтер жүктеді.
Мешітке келген адамдарға сый құрмет, кіші пейілділік көрсетіп, келген мақсатына жете көңіл бөліп, көңілінен шығатындай жағдай көрсеткен жөн. Мешіт жамағаттарына, намаз, тарауих намазын өткізу үшін керекті жағдайлар жасау; Мешіттің іші-сыртын түн уақытында электр жарықтарымен жарықтандыру, дәретхана қызметіне, жалпы мешіт тәртібіне сай іс-шара орындау; Рамазан айының құрметіне мешіттерде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, мешіт ауласына «Қош келдің, Рамазан» сынды құттықтаулармен билбордтар ілу; Ораза кестесі жасап, халыққа тарату; Халыққа Рамазан айының қасиеттілігі жайлы уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу сынды қызметтер сөз болды.
Сондай-ақ, жоспарға сәйкес аудандық «Меркі тынысы» баспасөз бетіне «Қош келдің, қасиетті Рамазан» атты Меркі жұртшылығына құттықтау мақаласы әзірлену үстінде екені мәлімделді. Бас имам әріптестеріне істеріне сәттілік тілеп, 2015-2016 жаңа оқу жылына талапкерлерді Қазақстан аймағындағы медреселерге, соның ішінде «Һибатулла Тарази» медресесіне оқуға шәкірттер жинауды шегелеп тапсырды. Мектептерде оқу жылы аяқталуына байланысты мешіт қабырғасындағы оқу-ағарту жұмыстары жасөспірімдермен сауат ашу курстары ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Аудандық «Меркі-ата» мешіті