Асылды тот баспайтыны сияқты, әу баста тілі «Алла» деп шығып, ана сүтімен бір «Аллаға» деген құлшылыққа қанып өсіп, жасынан медреседе білім алып, халықтың мақтанышына айнал¬ған тұлғалар қаншама?! Олар тарихта өз ғасырының ғұламалары атанып қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа тағылымдық-тәлімдік, білім мен біліктілік мәні жоғары мұралар қалдырды.
Ілімнің артықшылығын, өлген адамның сауабы артынан үзілмей барып тұратын және де қияметте таразыға ауыр келетін нәрсені қамтыған Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «…Кімде-кім білім іздеп жолға шықса, Алла тағала оның жәннатқа барар жолын жеңіл етеді…», – деген. Міне, шынайы Алла тағала ризашылығы үшін болған білімге берілетін сый жәннат. Әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білім жайлы бір сөзінде: «…Расында ғалымдар – пайғамбарлар мұрагерлері. Шын мәнінде пайғамбарлар динарды да дирһамды да (яғни алтынды да, күмісті де) мұраға қалдырмайды. Олар білімді мұралыққа қалдырады. Кімде-кім оны (білімді) алса, мол олжа алғаны…», – деген екен. Пайғамбардың мұрагері болу қандай бақыт десеңізші! Бұл мұраны алу үшін ол кісінің (с.ғ.с.) отбасынан болу шарт емес. Басты шарт Алла тағала ризашылығы үшін деген ниетпен сол ілімді үйрену.
Ілім іздеп кеше ғана медресе табалдырығынан аттаған «Һибатулла Тарази» медресесінің шәкірттері бүгін де оқу жылын аяқтап отыр. Түлек боп санаулы күндердің ішінде дипломмен марапатталмақ шәкірттер қорытынды емтихан тапсыруда. Қазақстан тарихы, ахида, араб тілі, фиқһ пәндері негізге алынып отыр.
Аталмыш сынақты ҚМДБ-ның діни оқу ағарту бөлімімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстазы Жамбыл Хасан Аманкулов, «Шымкент» медресесінің ұстазы Зейрат Нурсеиітов жүргізуде.
Алла Тағала медресе шәкірттеріне сынақтан сүренбей өтуді нәсіп етсін!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің
баспасөз қызметі.