Тараз қалалық мешіттерінің ұйымдастыруымен 1 маусым «Дүниежүзілік балаларды қорғау» күніне орай, ойын кеші жасалды. Аталмыш іс-шара қасиетті Құран Кәрімнің теңдесіз аяттарымен ашылып, ақсақалдарымыздың ақ батасымен жалғасын тапты.
Жамбыл облысының өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев қонақтарды және балаларды құттықтап, олардың діндегі орны жайында тілге тиек етті. Бала болашағы — бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халықтың, тұтас бір ұлттың бүгіні мен ертеңін жалғастыратын алтын көпірі, асыл мұраты іспеттес. Мерекеде мүмкіндігі шектеулілер үйінің жасөркендері және балалар үйінің бүліршіндері діни әуендер орындады. Балалық ойынымен қызық дегендей батут құрылып, ойыншықтар мен балмұздақтар таратылып, түскі ас берілді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді.» (Табарани)
Хадис шәрифте мұсылмандықтың адам санасында орнығып қалыптасуында немесе жойылуында балалық, жастық шақтағы атқарылатын істердің маңыздылығы білдірілуде. Олай болса әрбір мұсылманның бірінші міндеті – баласына ислам дінін және Құран кәрімді үйрету. Бала деген ниғметтің қадірі білінбесе, қолдан кетеді. Бұл іс-шара балалардың қуанышқа бөлеп қана қоймай, ата дінімізді насихаттау болып та табылады.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі