Жуалы аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұйымдастырылған сайыс негізінде женімпаз атанған «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің жұмыс жоспары бойынша Мыңбұлақ ауылдық округінің «Көлбастау» мешітінде аталмыш тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ауыл әкімшілігінің қызметкерлері, мұғалімдер, ішкі саясат бөлімінің мамандары, ауыл қариялары және ауыл жастары қатысты. «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ауыл ақсақалы Аманжол Дүрәліұлы жеке атқарған жылдық жұмыстарымен таныстыра келе ел ынтымағымен бірлікке шақыратын аталық сөздерден мысалдар келтіріп, дін мен дәстүр тақырыбында мәйекті ой қозғады. Дін тақырыбында кеңінен тоқталу үшін аудан имамы Алмас Рысханұлы жамағатқа уағыз жүргізді. ҚМДБ-ның соңғы кезеңде атқарып жатқан ауқымды іс-шараларын тілге тиек етіп: «Дәстүр мен дін егіз дүние, бірінен бірін бөліп қарайтындай бөтендігі жоқ. Қазақ халқының салт санасы Исламнан туындаған. Ал қисынын болса, атам қазақ «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп, өзі-ақ Құран, сүннет аясында шешіп қойған. Жат ағымның үрдіс алу себебі, өз халқының салт санасын, тарихын білмегендіктен не орысша оқып, өзгеше түсінгендіктен не қарны тоқтықтан бардың қадірін білмегендіктен бе дейсің. Өзгенікін таңсық көріп, үндістанның, арабтың, парсының, түріктің салт санасын дін деп қабылдап, өзінің дін негізінде маржандай тізілген дәстүрін мансұқтап жүруі де осы шала түсініктің нәтижесі,» – деп, аудан имамы ағымдардың шығу тарихына тоқтала кетті. Сондай-ақ, дінмен сабақтасқан дәстүрлердің бірқатарын мысалға келтірді. Ауыл әкімі Анар мырза Елбасының саясаты, ауыл әкімшілігінің атқарған жұмыстары сыды тағы басқа мәселелер турасында сөз етті. Қатысушылармен пікір алмасып, сұрақ-жауаппен ой толықты.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы