Тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде қарап түсінуіміз қажет. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, ақыретін, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген тармақтарды қамтиды. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы» – дейді.
Тазалық иманнан. Әрбір мұсылманның өз алдына жеке әдептері бар. Осы әдеп әуелі тазалықтан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай «Дін тазалық үстіне құрылған». Тазалықтың негізгі бөлігін дәрет құрайды. «Жаннаттың кілті намазда, намаздың кілті дәретте» демей ме? Ал арнайы дәрет алынатын жердің болғаны адам үшін де табиғат үшін де қолайлы емес пе?
Аталмыш тазалыққа дайындық орны болған «Һибатулла Тарази» мешітінің дәретханасына жөндеу жұмыстары жасалды. Жаңарту жұмыстарына мешітіміздің жамағаты болған кәсіпкерлер демеулік етті. Дәретхананың есігі, едені, жуыну бөлмесі, т.б. толықтай жөндеуден өтті.
Демеуші болған азаматтарға жамағат алғысын білдіруде.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі