Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз еш уақытта жалған болмас» деген еді. Мінеки, қаншама ғасыр өтсе де бірде-бір әрпі өзгермеген қасиетті кітап Құран Кәрім адамзаттың игілігі үшін қызмет етіп келеді.
Асыл дініміздің қайталанбас құндылығы, тірегі болған, екі дүние бақытына жеткізер Алланың хақ үкімі және сөзі Құран екені баршамызға аян. Ардақты елші Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендердің ең жақсыларың, Құранды үйреніп оны өзгелерге үйреткендерің» – дегендей, ҚМДБ Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің мұрындық болуымен және аудандық «Қордай» мешітінің ұйымдастыруымен Қордай ауданы, Масаншы елді мекенінде облыс бойынша Құран жарысы өтті. Еліміздегі Құран жаттаушыларды ынталандырып, оларға қолдау көрсету мақсатында қатысушыларды сынақтан өткізуге, Астана қаласындағы қариларды дайындау орталығының директоры Садуақас қари Олжабай, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қари Жұмабаев және «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы, мысырлық Юнус Субхи өздерінің әділ бағаларын беруге әділқазылар алқасының құрамында болды.
Осы сауапты да тағылымы мол іс шараның өтуіне ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қари Жұмабаев төрағалық жасап, сайысқа қатысушы шәкірттерге және жамағатқа Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде мағыналы уағыз айтып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ережелерімен таныстырып өтті. Жалпы бұл игі жарысқа облысымыз бойынша мектеп жасындағы оқушылардан бастап үлкен-кіші жалпы саны 35 Құранды толық жаттаған азаматтар қатысты. Баға беру барысында үміткердің барлық қырына (оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына) аса мән берілді.
Бірінші айналымда барша қарилар сыналып, қорытынды жарысқа 9 қари іріктеліп шығарылды. Келесі кезеңге жолдама алған қариларға қойылған сұрақтар әлбетте алғашқыдан өзгеше, қиындау болғанын жиналған жамағаттың баршасы құптады.
Ақтық сыннан сүрінбей өткен 4 азамат анықталып, олардың сайыста танытқан деңгейлеріне қарай әділқазылар алқасы тиісті жүлделі орындарын белгіледі. 100 000 теңге сыйақымен бас жүлдені Масаншы ауылының тумасы Хусей Уалихаджи иеленсе, бірінші орын 75 000 теңге жүлдемен Хусей Абдуллаға бұйырды. Екінші орынды және 50 000 теңге жүлдесімен Халиров Абубекр және үшінші орынды Қалығұлов Дулат иеленіп қанжығасына 30 000 теңге жүлдені байлады.
Барша қатысушыларға бағалы сыйлықтар таратылып, алғыс хаттармен марапатталды. Жарысқа қатысушыларға, демеушілерге ауданның бас имамы Ә. Шалбай өзінің алғысын айтып, Алланың разылығын тіледі. Құран додасы аяқталысымен аталмыш құрамдағы әділқазылар алқасы жарысқа қатысушылардан тыс 45-ке жуық қариларды тек қана Құран оқуы бойынша емес, ақида, және фиқһ мәселері бойынша сынақ алып, ҚМДБ тарапынан арнайы сертификат алуға сынақтан өткізді. Бұл сынның мақсаты Құран жаттаған қарилардың басын біріктіріп, топтастыру болды. Әділқазылар алқасы қатысушыларға, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. Алла Тағала қасиетті Құранды кітап күйінде ғана емес адамдар арқылы, осындай қариларымыз арқылы сақтап отырады. Сондықтан, бәйгені ұйымдастыру да Алла жолындағы мәртебелі қызмет.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі