Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Мейірімділіктің 99 пайызы Аллада болып 1 пайызы жер бетінде болса, соның көбі ана жүрегінде емес пе? Алла Тағаланың өзі әйелдердің дәрежесін көтеріп қойған. Қасиетті Құран Кәрімде «Әйелдер» сүресі де бар.
Абу Дәуіт пен Тирмизиден риуаят етілген хадисте: «Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Йа, Расулуллаһ, жақсылықты алдымен кiмге iстеймiн?”, – деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с.): "Анаңа!”, – дедi. Одан кейiн ше? – Анаңа! Ал, одан кейiн ше? – Анаңа! Ал, одан кейiн ше? – Әкеңе. Әкеңнен кейiн жақындық дәрежесiне қарай туысқандарыңа» – дейді.
Ананың ролі қоғамда қашан да бөлек. Қай ұрпақтың болмасын тәрбиесі анадан бастау алады. Бүгінгі қыз ертеңгі болашақ аналарға ананың қоғамдағы, исламдағы орны турасында өзекті ой айтып, рухани тарихымыздың тарғыл беттерін парақтасақ әйел атаулының орны ерекше екендігін ұғындыру мақсатында «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта Жамбыл медициналық колледжінде кездесу және «Қыз бала тәрбиесіндегі ер азаматтардың ролі» тақырыбында №1 колледжде дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚМДБ-ның жалпы және жастармен жұмыс бөлімінің Жамбыл облысы бойынша өкілі Ержан Аманбаев, ұйымдастырушы бірлестіктің төрағасы Ринат Нұрақбаев, ТарМПИ филология факультеті, «Қазақ филологиясы» кафедрасының ф.ғ.к., доценті Сисекүл Исматова және «Алтын алқа» иегері көп балалы ана Алтынай апа қатысты.
Алыптың өзі анадан туады дегендей Мариям анамыз, Айша, Хадиша, Фатима сынды асыл аналарымыз, тіпті қазақы қара өлеңнің қариясы атанған ғұлама Абайдың тәрбие көзі болған аналары Зере мен Ұлжанды да алып қарасақ та өз шаңырағының ғана емес халқының анасы бола білген. Қайбір елінің азаматы болған батырды алсақ та ананың аяулы алақанынан өмірлік азық алған. Кедесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарымен бөлісіп, мардымды жауаптар алды. Ішке тірескен ойларын ортаға салып, келген қонақтардың кеңесімен қоржындарын толықтырды.
«Ең жақсы әйелдер – олар сондай, қарағанда көңілің толады, бір нәрсе айтсаң бойсұнады, сенің жоқтығыңда өзін әрі сенің мүлкіңді сақтай біледі».
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі